ӘКІМ НАЗАРЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың ауылдық округтерге жұмыс сапары жалғасуда. Жұма күні аудан басшысы Сарыбұлақ және Бетқайнар ауылдық округтерінде болып, әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен жүздесті.
Алдымен, Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылына жол тартқан Бегзат Сейсенқұлұлы 32 В.Маяковский атындағы орта мектепке барып, жұмысымен танысып, қазандық жағдайын көрді. Мектеп жағдайы мен жылыту жүйесі туралы аудандық білім бөлімінің, аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің өкілдері түсініктеме берді. Ауылдағы білім саласына қатысты өзекті мәселелер турасында мамандармен сөйлескен аудан әкімі, осыдан кейін ауылдық амбулаторияға барып, тұрғындарға медициналық көмектің сапалы көрсетілуіне аса мән беру керектігін ескертті. Ары қарай ауылдық мәдениет үйінің жұмысымен танысып, мамандармен жүздесті.
Келесі кезекте аудан әкімі округ орталығы Сарыбұлақ ауылына жол тартып, алдымен дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысып, жуырда ғана бой көтерген спорттық-сауықтыру кешеніне барып, ауыл жастарын спортқа баулып жүрген жандармен кездесіп, бірқатар ұсыныстарын айтты. Округке жұмыс сапары барысында Бегзат Болатбеков ауылдық мәденит үйіне барып, сол жерде ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында тұрғындардан түскен сан салаға қатысты сұрақтар бойынша жауаптар беріліп, бірқатары аудан әкімінің назарына алынса, өзгелері бойынша аудан басшысы жауапты мамандарға тапсырма жүктеді. Кездесуден кейін аудан әкімі Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің жұмысымен танысты.
Түс ауа аудан басшысы шалғайда орналасқан Соғанды ауылына барды. Онда ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктің, №33 негізгі мектептің жұмысын көріп, мамандармен және тұрғындармен кездесіп, ауылдағы апатты күйдегі көпірдің жағдайын көрді. Осыдан кейін Бетқайнар ауылына барып, былтыр құрылысы басталған ауылдық мәдениет үйіне барды. Мердігер «НұрТұрсын» ЖШС өкілдері қазіргі таңда құрылыс жұмыстары кестеге сай жүріп жатқанын айтып, барлығын мерзімінде атқаратындықтарын алға тартты. Бетқайнардағы ең көрікті жерлердің бірінен орын тепкен жаңа мәдениет үйінің сапасына аса мән беру қажеттігін баса айтқан аудан басшысы, құрылыс саласы мамандарына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бетқайнарға жұмыс сапары барысында аудан әкімі 7 Бетқайнар кәсіптік колледжіне де ат басын бұрды. Директоры Гүлнар Алимбаева білім ошағының бүгіні, алдағы жоспарлары, үздік оқушылары мен жас мамандарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша ақпарат берді. Қазіргі таңда колледже балаларды оқытуға арналған заманауи техникалар қолданылады екен. Сонымен қатар, аймағымызға лимон өсірумен аты шығып тұрған жылыжайда жұмыс қарқын алған. Елімізге тән емес лимон бұл оқу орнының жылыжайында жақсы өнім беріп тұр. Енді оны нарыққа өткізу жағын ойластыру қажет. Жастарды қазіргі таңда ауылдық жерде аса қажетті мамандықтарға оқытып жүрген жандарға аудан басшысы алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Осыдан кейін 27 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте тұрғындармен кездесу өткізді. Аудан басшысы алдағы жылдары қолға алынатын маңызды жобалар турасында сөз етіп, тұрғындар тілегіне құлақ түрді. Негізінен әлеуметтік, жер және жеке мәселеге қатысты сұрақтар көтеріліп, барлығына тұщымды жауаптар айтылды.
Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.