ӘР СҰРАҚ МҰҚИЯТ ЗЕРДЕЛЕНЕТІН БОЛАДЫ

0

Ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды әрі қарай демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпараттандыру, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауаптылығын, есептілігін арттыру мақсатында барлық
деңгейдегі әкімдерге жыл бойы халықпен кездесу өткізуді тапсырған болатын. Кездесу
барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге назар аударылуы тиіс.
Бейсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаев Қарасу және Ауқатты ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Ашық форматта өткен жиын барысында тұрғындарға тікелей аудан басшысына сұрақ қою мүмкіндігі ұсынылды. Халықты толғандыратын мәселелердің ішінде жолды жөндеу жұмыстары бар екен. Ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары бойынша наразылықтарын білдірді. Аудан басшысы «Қазақавтожол» ЖШС Жамбыл облыстық филиалының «ДЭУ-34» директоры Ерсұлтан Рахымғалиді сұрақ астына алды. Аталмыш мекеме басшысының айтуынша, бүгінгі күнге жөндеу жұмыстары Қарасу ауылының орталық көшесінде жүргізілуде. Жергілікті тұрғындар күн суып, жұмыс аяқталмай қалатынын алға тартты. Мәден Тоқтарбайұлы халықтың наразылығы жөнді екенін атап өтіп, жұмыстағы олқылықтар бойынша ескерту жасады.
Келесі кезекте тұрғындар газ және сумен қамту мәселелерін көтерді. Айта кетсек, газдандыру жұмыстары 2020 жылы басталып, сол кезде жеткізуші газ құбыры іске қосылып, ауылішілік жұмыстар басталып кеткен. Жергілікті халық жұмыс баяу жүріп жатқанына наразы. Сонымен қатар, жиын барысында «Қарасу» бақылау-өткізу пунктіндегі ауыр жүк көліктерінің кептелісі сөз болды. Бұл мәселе полиция бөлімінің қадағалауында. Сондай-ақ, арықпен суғару, 1966 жылы салынған мектепке жапсарлас құрылыстың қажеттілігі, пошта бөлімінің жұмысы сынды мәселелер көтерілді.
Содан кейін аудан басшысы Ауқатты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аталмыш округ тұрғындары округ құрамына кіретін Қызылсай ауылының санитарлық талаптарға сай келмейтін сумен қамту жүйесінің жағдайы жөнінде алаңдаушылық білдіріп, ескі электр бағаналарды ауыстыру бойынша сұрақ қойды.
Көтерілген мәселелер бақылауға алынды. Аудан басшысы әр мәселе мұқият зерделенетінін жеткізді. Проблемалық мәселелерді шешу тиісті қызметтерге жүктеліп, нақты мерзімдер белгіленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.