Әрбір күнді бағалау қажет

0

Бүкіл әлем пандемияға қарсы күрес жүргізіп келе жатқанына бірнеше айдың жүзі болды. Елімізде індетпен күресу үшін бар күш жұмсалып, дәрігерлердің алдына бұл кеселмен күресіп, оның алдын алу міндеті қойылды. Қабылданған шаралардың арқасында коронавируска төтеп бердік. Алайда, сарапшылар коронавирустық жұқпаның екінші толқыны болуы мүмкін деп болжап отыр. Сол себепті «COVID-19 жұқпасына төтеп беруге дайынбыз ба?» деген сұрақпен біз Қордай АОА бас дәрігері Зәуреш Қадырбековаға жолықтық.

— Дәрігер ретінде біз кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет. Бұл біздің мамандығымыздың ерекшелігі. Әрине, алдыңғы жағдай қайталанбаса екен дейміз. Дегенмен, бәріне дайын болуымыз керек. Техникалық дайындық тұрғысынан барлық мәселе ескерілді. Аурухана коронавирустық жұқпаны емдеуге арналған дәрілік заттардың екі айлық қорымен қамтамасыз етілді. Оған қоса балалар және терапия бөлімшелерінде 120 орын дайындалды. Қажет болған жағдайда қосымша 60 төсек қарастырылады. Сонымен бірге Қордай ауданы бойынша 28 мобильдік бригада құрылған, олардың құрамына дене қызуы көтерілген пациенттерге қызмет ету, COVID-19 жұқпасымен ауырғандармен жақын байланыста болған азаматтардан ПЦР-тест алу үшін дәрігер, медбике, психолог кіреді.

-Мамандардың тапшылығы жоқ па?

-Асыра сілтеп айтқаным емес, біздің аурухананың медициналық персоналы пандемияға қарсы күрестің бірінші кезеңін абыроймен өткізді. Барлық медицина қызметкерлері кәсіпқой маман екенін көрсетті. Қажет болған жағдайда біз бүкіл күшімізді жұмсауға дайынбыз. Біздің қызметкерлер жұқпалы індетке қарсы күрес жөнінде онлайн-оқудан өтіп, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының оқытушыларынан дәріс алды. Барлығы 202 дәрігер, 674 медбике оқып шықты. 42 дәрігер, 84 орта персонал мамандары, 84 кіші медицина персоналы COVID-19 ауырғандарды емдеуге арналған бөлімшеде жұмыс істеуге дайын. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің резерві бар.

-Бірінші толқын болған кезде қажетті медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі байқалған. Техникалық жабдықтаудың бүгінгі жағдайы қандай?

-Провизорлық бөлімше 36 оттегі концентраторымен жабдықталған. Сонымен бірге 13 дана өкпені жасанды желдету аппараты бар, оның үшеуі  балаларға арналған. Одан басқа 16 «Бобров» аппараты бар, 5 дана «СИПАП», 180 пульсоксиметр, бір жылжымалы, 3 стационарлық рентген аппараты (оның біреуі цифрлы), оттегі баллондарының қоры және т.б. бар. Шын мәнінде, алғашқы толқын кезінде біз қосымша өкпені жасанды желдету аппаратарына мұқтаж болдық. Осы орайда жерлестеріміздің көрсеткен қолдауларын атап өткім келеді. Жомарт жандардың көмегімен 3 дана өкпені жасанды желдету аппараты, 31 оттегі концентраторы және 23 пульсоксиметр алынды. Сол қиын кезде мейірімді жандардың бар екенін сезіндік. Пандемия әрбір күнді бағалап, шүкіршілік етуді, әрбір сәтті бағалауды, туыстарға қамқорлық жасауды үйретті. Құндылықтар қайта қаралып, ақ халатты абзал жандардың ерлігі мен ерен еңбегінің арқасында аман қалдық. Өзіміздің туған-туыстарымыздың өмірін сақтап қалуға бағытталаған қатаң карантиндік шаралар артта қалды. Пандемия қайталанбаса десек біз жеке гигиенаны, бетперде режимін, арақашықты сақтау арқылы қауіпті вируспен өмір сүріп үйренуіміз керек. Осылай біз екінші толқыннан құтыла аламыз. Дегенмен, өз денсаулығымыз өз қолымызда екенін ұмытпайық.

Шолпан Сабанова

Leave A Reply

Your email address will not be published.