ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ НАУҚАНЫ АЯҚТАЛДЫ

0

Отанның тірегі – Қарулы Күштері екені белгілі, оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, тәуелсіз елдің әрбір азаматы жауапты. Отанымыздың Тәуелсіздігін қорғау, егемендіктің сенімді сақшысы болу «Мен Қазақпын! Мен Қазақстандықпын!» деген әрбір азаматтың сенімі және адалдығына сын.

Президент Жарлығымен және Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесі» туралы Заңына сәйкес, әскерге жарамды 18-27 жас аралығындағы қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған кез келген Қазақстан азаматы мерзімді әскери қызметті 12 ай мерзімге өткеруге міндетті.

Жамбыл облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуда.

Мерзімді қызметтегі әр әскери қызметші – бұл мемлекеттің тірегі, біздің қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабына сай, «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті».

Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастырып, қамтамасыз етеді.

Шақырушылар дәрігерлік тексерістен бөлек, психологиялық тестілеуден өтеді. Сыннан сүрінбегендер әскер қатарын толықтырады.

Жамбыл облысында күзгі әскерге шақыру науқаны жүйелі және қатаң тәртіпте жүргізілуде. Күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру және сапалы өткізу бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынған.

Жамбыл облысының жинақтау пунктінен Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің шекара қызметіне 250-ден аса адам жөнелтілсе, 600-ден аса азамат Қарулы Күштердің сапын толықтырды. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне және республикалық Ұланға 500- ден аса азамат жіберілді. Қазіргі таңда мерзімді әскери қызметке шақыру жалғасуда.

– Әрбір адам өз Отанын қорғау, қасиетті ерліктің борышын орындауы қажеттігін түсінуі тиіс. Армия – әр адам өтуі тиіс өмір мектебі деп есептеймін. Әскерде жас бала ер адамға айналады. Үйде анасы оған бәрін пісіреді, жуады, жинайды. Ал, әскерде бәрін өзің істеуге тура келеді. Бұл істер жігіттерді ширатады, жас жігіттер бірден есейеді, өмірге басқаша қарай бастайды. Армия – достықтың басты шыңы, – дейді Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Нұрбол Зейнелов

Әскеріміз болмаса, ел күш-қуатынан, күш-қуатымыз жоғалса – Отанымыздан, азаттығымыздан айырыламыз. Қорғаныс министрлігі тарапынан әскер қатарына алынатын жастарды ынталандыру, оларға әлеуметтік жағдай жасау бойынша бастамалар көтеріліп жатыр. Отан алдындағы парыздарын өткергеннен кейін оқу орындарына түсуге жеңілдік немесе грант беру жағы қарастырылды. Сондай-ақ, әскери қызмет өткеру кезінде несиелері тоқтатылады. Сонымен қатар, әскери борышын өтеу кезінде әрбір сарбаз мемлекет қорғауында. Биылғы азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны да аяқталуға жақын.

Қазіргі таңда, еліміздің Қарулы Күштері нысандары заманауи әскери техникалармен жабдықталып, әскер құрамы білімді де білікті мамандармен толықтырылуда.

– Әр мемлекеттің өз шекарасын, тыныштығын қорғайтын кәсіби, білікті әскері болу керек. Ол үшін әрбір азамат өз елінің патриоты болуы қажет. Сондықтан, Қарулы Күштері қатарына денсаулығы жақсы, шымыр, шыңдалған, отаншылдық рухта тәрбиеленген жастармен толықтыруымызға және олардың ата-бабалар дәстүрімен отансүйгіштік рухта тәрбиеленуіне аса назар аударуға тиіспіз. Қарулы Күштерінің басты бағыттарының бірі – жастардың әскери- патриоттық тәрбиесі. Ал, әскери-патриоттық тәрбие беру тек қана Қарулы Күштердің қатарында әскери борышын өтеу барысында емес, жас ұрпақтың бойында отаншылдық рухты қалыптастыру жастайынан, мектеп қабырғасынан қолға алынуы қажет. Біздің алдымызда бабалардың игі дәстүрін сақтайтын, өз елінің патриоттары болатын, ержүрек аға буын өкілдерінің ерліктерін жалғастырар ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. «Тәрбие – талбесіктен басталады» демекші, бұл істе отбасылық тәрбиенің де рөлі зор. Бала жастайынан «Батырлар жыры», ата-бабаларымыздың Отан қорғаудағы ерлік істері туралы әдебиеттерді оқып өссе, қандай ғанибет! Жазушы Әзілхан Нұршайықов айтқандай: «Бала күннен батырлар туралы ертегілер, аңыздар тыңдап, ерлікті мадақтайтын тақпақтар жаттап, эпостық шығармаларды етене қабылдамаған адамдардың бойында бес кісінің күші болса да, патриот бола алмайды, – дейді Жамбыл облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Ерлан Маханов.

Еліміздің өркениетті алпауыт мемлекеттерден қалыспай, тең қадам басуы үшін болашақтың тұтқасын ұстар ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.