Әскери бөлімде оқу жылы қорытындыланды

0

Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығы 2021 оқу жылын қорытындылады

Шарада Қарулы Күштердің 2021 оқу жылы қорытындыланып, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылға қойған тапсырмалары жеткізілді.
Жұмылдыру жұмыстары мен әскерлер қызметі, жауынгерлік даярлық пен оқу-тәрбие үдерісі, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп жағдайы, бөлімнің материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен рота шаруашылығы және сержанттар құрамының қызметі бойынша қорытынды шығарылды.
2021 оқу жылының жауынгерлік сайыс қорытындысы бойынша үздік бөлімшелер анықталды. Атап айтар болсақ, кіші мамандарды даярлау әскери мектептер арасында мотоатқыштар әскерлерінің әскери мектебі, қамтамасыз ету бөлімшелері арасында оқу үдерісін қамтамасыз ету батальоны, оқу-жаттығу роталары арасында 1-ші оқу-жаттығу мотоатқыштар ротасы, қамтамасыз ету роталары арасында оқу үдерісін қамтамасыз ету батальонының 1-ші танк ротасы және жекелеген бөлімшелер арасында оқу тренажерлері ротасы үздік деп танылды. Сондай-ақ әр лауазым бойынша үздік әскери қызметшілер анықталды.
2021 оқы жылының қорытындысы бойынша Құрлық әскерлеріне бағынысты әскери бөлімдер ішінде Құрлық әскерлерінің оқу-жатттығу орталығы 2-ші орын иеленгенін айта кеткен жөн.
Шара соңында 2022 оқу жылына міндеттер нақтыланып, жеке құрамға бірқатар тапсырмалар берілді. Үздік бөлімшелер мен әскери қызметшілер грамоталармен марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.