Әскери полицияға 25 жыл толды

0

Гвардейск гарнизонының Әскери полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полиция органдарының құрылған күнін атап өтті.
Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери полициясы құрылғанына 25 жыл толуын атап өтуде. Ол 1997 жылы сәуір айында Қарулы Күштерде құқық қорғауды қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ әскери қылмыстарды тексеру үшін Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі шаралар туралы Елбасының Жарлығымен құрылған болатын.
Осы орайда Гвардейск гарнизонының Әскери полиция бөлімі айтулы мерекені атап өтті. Салтанатты шара мемлекетік әнұранымыздың орындалуымен басталды. Онда Әскери полиция қызметкерлеріне алғыс хаттар мен грамоталар табыс етілді.
Әрине әскери қызметшілердің құқығын қорғау – ол біздің мақсатымыз. Тәртіп жоқ жерде әрине құқық бұзушылықтар орын алады. Құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша шаралар әрдайым жүргізілуде. Сондай-ақ гарнизонда өтетін оқу-жаттығулар кезінде біздің қызметкерлер тапсырмаларды сапалы орындап, белсенділік танытуда. Салтанатты мерекеде қызмет барысында ерекшеленген үздік қызметкерлерімізді марапаттап, жеке құрамды көтермеледік, — деді Гвардейск гарнизонының Әскери полиция бөлімінің бастығы подполковник Серікбек Мұханов.
Әскери тәртіп пен құқық тәртібі әскерлердің жауынгерлік даярлығының негізі болып саналады. Әскери полицияның бүгінде гарнизондағы әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігіне қосқан үлесі зор деп айтуға болады. Әскери полиция құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери техниканы алып жүру, гарнизондарда патрульдік қызмет, жаттығу кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысты ашу және оның жолын кесу, сыбайлас жемқорлықпен күресу, әскери қызметшілерді іздестіру сияқты маңызды міндеттермен қоса басқа көптеген функцияларды атқарып келеді. Сондай-ақ әскери полиция бөлімінің кинологтары өз міндеттерін белсене атқаруда.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.