Өмірі өнегемен өрілген

0

Желмаядай жүйрік өмір жөңкіле көшкен бұлттардай жылдамдығын білдіре бермейді екен. Зымыраған замана көші талай тағдырларды тоғыстырып, тамаша адамдарды арамызға алып келіп жатады. Кеше ғана қос бұрымын өргізген, қос бантигін қадаған өрімдей қыздар бүгінде жалпыға құрметі артқан аналарға, әжелерге айналды. Ал, бар саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған жандарға құрмет екі есеге арта түсетіндей.

Кенен ауылының тұрғыны Жүзімхан Әбуқызы Шомшиева осындай тамаша адамдар қатарына жатады. 1952 жылы 23 шілдеде Сұлутөр ауылында үлкен отбасында дүниеге келген болашақ ұстаз ауыл мектебін үздік аяқтайды. Ата-аналары ауылға беделі мол азаматтар болған. Үйелмелі-сүйелмелі отбасында әпкесі Сәуле, бауырлары Қойшыбек, Шоқан, Еркін, сіңілілері Қалампыр, Ләззат, Рита ата-аналарынан еңбек пен адалдық деген ұғымды бойларына сіңіріп өседі.
Арман жолында сол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы Педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, «Бастауыш сынып» факультетін үздік аяқтап шығады. Жолдамамен өзге ауылға жіберілгенімен тағдырдың жазуы болар, көп ұзамай атақты Кенен ауылына келін болып түседі. Жолдасы Оңғар Алдасүгіров бұл кезде ауылда белгілі комбайыншылардың бірі, кейін мемлекеттік қызметте талай белестерді бағындырған жан. Сол кездегі Киров колхозы, қазіргі Кенен ауылындағы №42 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі болып 1973 жылы орналасқан Жүзімхан Әбуқызы өз жұмысын ұршықша иіретін, ұйымдастырушылық қабілеті жағынан өз қатарластарынан оқ бойы озып шыққан беделді ұстазға айналады. Табаны күректей қырық жыл ауылдың қара домалақтарына білім нәрін құйып, үлкен өмірге жетелеген жан еңбек жолында көптеген марапаттарға ие болды.Оның барлығын жекелей тізіп айтудың өзі бір газетке жүк болады.
Сол кездегі әріптестері Амангелді Жамангозов, Ниетжан Нүпбаев, Серіккүл Тойғұлова, Тұрсынбай Мұсаханов, Нәзімкүл Солтанаева, Райхан Егіншиева және тағы да басқа білім саласының марғасқаларымен тізе қоса еңбек етті. Олардың бірқатары өмірден өтіп кетті, өзгелері еңбек демалысында, отбасы жанында.
Бір кездері тарыдай болып алдына келіп, білім алған шәкірттері бүгінде үлкен азаматтарға айналған. Олардың қатарында есімі елге таныс Данияр Саламатов, Ерхан Ботабасов, өнер ауылынан шыққан белгілі сахна жұлдыздары да Жүзімхан тәтейдің оқушылары. Жалпысы қырық жыл ішінде мыңдаған шәкірт тәрбиеленген ұстаздың өмір жолы тек өнегемен өрілген.
1976 жылы мол астық бастырғаны үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені иегері, 1978 жылғы ІХ бесжылдықтың жеңімпазы төс белгісімен және сол жылы бес жылдықтың жас жеңімпаз гвардияшысы қола медалі иегері, Қордай ауданының Құрметті азаматы Оңғар Алдасүров екеуі тамаша отбасы ретінде көпке үлгі. Үйінен қонағы таусылмайтын, дастарханы жиылмай, қадірменді, меймандос жандарға әрдайым толы шаңырақта төрт ұл, бір қыз дүниеге келді. Аналары сияқты білім саласында еңбек етпесе де саналы азаматтарға айналып, қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүргендері. Үлкен ұлы Шекербек Алматыдағы ірі компаниялардың бірінде менеджер болса, Әнуарбегі әскери қызметкер, ал Жазылбек Оңғарұлы аудандағы «Қарақоңыз» орман шарушалығы мемлекеттік мекемесінің басшысы, Қанатбегі Теміртау қаласындағы«Қазақмыс» корпорациясының белді қызметкері. Кенжесі Арайлым бүгінде тұрмысқа шығып, өз алдына отау құрған жан.
Ұл-қыздан 14 немере сүйіп отырған Жүзімхан Әбуқызы бүгінде сүйікті әжеге айналды. Ағайын-туыстың, құда мен жегжат арасында абырой мен бедел арқалаған ардақты ұстазды бүгінгі күнге дейін шәкірттері арнайы іздеп келіп, түрлі кездесулерге шақырып, құрмет көрсетіп жүргені. 23 шілдеде мерейлі 70 жасқа толып отырған Жүзімхан Әбуқызы ең бастысы ардақты ана ретінде бақытқа кенелген жан. Осы бір мерекелі күні жасыңызға жас қосылып, шөбере сүюді нәсіп етсін дегіміз келеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.