ЕҢБЕК ҚАТЫНАСЫ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

0

Биыл Парламент депутаттары Еңбек кодексіне енгізілетін түзетулерді талқылаған еді. Соның ең негізгісі – еңбек дауларын шешуде жұмыс беруші, кәсіподақ ұйымы мен мемлекеттік орган өкілдерінен құралған үшжақты комиссия жұмысын заңнамалық тұрғыдан реттеу және келісім комиссиясы

 туралы өзгерістер.

Алдағы уақытта жұмыс беруші еңбеккерді ұжымның келісім комиссиясының шешімінсіз жұмыстан шығара алмайды. Әрбір еңбек ұжымында құрылатын келісім комиссиясының құрамына бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері және жұмыс берушінің өкілдері кіреді. Олай етпеген жағдайда компания басшысының басы дауға қалады. Бұл жөнінде Әлеуметтік әріптестік  пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссия отырысында айтылды. Жиынға комиссия мүшелері,  бөлім, мекеме басшылары мен кәсіподақ төрағалары және БАҚ өкілдері және де облыс орталығынан келген «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов қатысты.

«Amanat» партиясы аудандық филиалы ғимаратында өткен кездесуде аудандағы еңбек нарығында қалыптасқан ахуал сөз болды. Ең бірінші сөзді аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай алып, Қордай ауданында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу саласы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, жиында «Білім қызметкерлері кәсіподағының  Қордай аудандық комитетінің» және «Аудандық орталық ауруханасына қарасты Қордай бастапқы кәсіподақ комитетінің» есептері тыңдалды. Осыдан кейін аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Жиенәліұлы да біраз мәселелерді көтеріп, маңызды тұстарына тоқталып өтті.

Кездесуде кәсіподақ ұйымдары төңірегінде қалыптасқан проблемалық мәселелер жайы да талқыланды.

— Қордай ауданындағы әр мекемеде ұжымдық еңбек дауларының алдын алу, жұмыскерлердің айлық жалақысын уақтылы төлеу, жұмыстан заңсыз қысқарту және босату мәселелерін болдырмау, оларды шешу үшін және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесі бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, қатаң бақылауда болу керек екенін тағы да ескерткім келеді, — деген Дамира Маратқызы үшжақты комиссия отырысын қорытындылады.

Кәсіподақтардың негізгі міндеті – жұмыскердің еңбек жағдайын жақсарту және туындаған әлеуметтік қайшылықты шешу жолын көрсету. Осы жағынан алғанда еңбеккер мен жұмыс берушінің арасында кәсіби еңбек қатынастары әлеуметтік әділеттілік жағдайында ғана мүмкін болады.

Е.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Leave A Reply

Your email address will not be published.