Өз учаскесін қалай табуға болады?

0

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А. Сырлыбаевпен сұхбат.

Асылбек Төреханұлы! Сайлау жақындаған кезде тұрғындарды қызықтыратын басты мәселелердің бірі – өз сайлау учаскесін қалай табуға болатыны. Осы жөнінде айтып өтсеңіз.

– Әр азамат өзінің қай сайлау учаскесіне қарайтынын алдын ала білгені жөн. Қазіргі таңда бұл ақпаратты анықтаудың бірнеше мүмкіндігі бар. Сайлаушылар цифрлық сервистерді пайдаланып, өздерінің жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын біле алады.

Сайлау учаскесін интернет арқылы анықтау қаншалықты оңай?

– Өте оңай. Азамат арнайы электрондық сервиске кіріп, қажетті мәліметтерді енгізеді. Жүйе сайлаушының тіркелген мекенжайына сәйкес сайлау учаскесінің нөмірі мен орналасқан жері туралы ақпаратты көрсетеді. Бұл – уақытты үнемдейтін әрі қолжетімді мүмкіндік.

Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін бір мезетте үш сервис әзірленді. Көрсетілген гиперсілтемелердің кез-келгеніне өту арқылы сайлаушы өзінің өңірін таңдап, ЖСН енгізіп, сайлау учаскесінің нөмірін, сондай-ақ оның мекенжайын біле алады.

— https://www.gov.kz/sailau?lang=kk

— https://sailau.gov.kz/kk

— https://sailau2026.gov.kz/kk

Ал сайлаушының тұрғылықты мекенжайы өзгерген жағдайда не істеу керек?

– Мұндай жағдайда азамат өзінің жаңа мекенжай бойынша тіркелу деректерін тексеруі қажет. Сайлау учаскесі азаматтың тұрақты тіркелген мекенжайына байланысты анықталады. Сондықтан мекенжайы өзгерген азамат сайлау тізіміндегі деректерін алдын ала нақтылап алғаны дұрыс.

Сайлаушылар тізіміндегі өз деректерін алдын ала тексерудің қандай маңызы бар?

– Оның маңызы зор. Сайлау күні күтпеген мәселе туындамас үшін азамат өз мәліметтерін алдын ала тексеріп, сайлау учаскесінің нақты мекенжайын біліп алғаны жөн. Бұл сайлау процесінің ұйымдасқан түрде өтуіне де ықпал етеді.

Цифрлық технологиялардың сайлау процесіне енгізілуі тұрғындарға қандай қолайлылық береді?

– Цифрлық сервистер ең алдымен азаматтардың қажетті ақпаратты жылдам әрі ыңғайлы алуына мүмкіндік береді. Бұрын белгілі бір ақпаратты алу үшін мекемеге бару қажет болса, қазір көптеген қызметті онлайн түрде алуға болады. Бұл – уақытты үнемдеп қана қоймай, сайлаушылардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырады.

Цифрлық сервис дегеніміз не және оның сайлау процесіндегі маңызы қандай?

— Цифрлық сервис – азаматтарға қажетті ақпаратты электронды түрде алуға және белгілі бір қызметтерді онлайн пайдалануға мүмкіндік беретін заманауи құрал. Бүгінде цифрлық технологиялар қоғамның барлық саласына, соның ішінде сайлау процесіне де кеңінен енгізіліп келеді. Оның басты мақсаты – сайлаушыларға ақпаратты жылдам, қолжетімді және ыңғайлы түрде ұсыну.

Қазіргі таңда сайлаушыларға қандай онлайн мүмкіндіктер ұсынылады?

– Қазіргі таңда Қордай ауданындағы 59 сайлау учаскесінің 42-сі онлайн сервис жүйесімен қамтылған. Бұл сервис сайлау процесін жеңілдетіп, сайлаушыларға қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, сайлаушы өзін сайлаушылар тізімінен таппаған жағдайда, оның өтініші негізінде онлайн сервис арқылы тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген жерін жедел тексеруге болады. Яғни учаске комиссиясының мүшелері тиісті ақпаратты онлайн жүйе арқылы қарап, сайлаушының қай сайлау учаскесіне жататынын анықтай алады.

Бұл өз кезегінде сайлаушының уақытын үнемдеп, мәселені жедел шешуге және сайлау процесінде азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сайлау күні азаматтың жеке куәлігінің түпнұсқасы жанында болмаса, дауыс бере ала ма?

– Иә, жеке куәліктің түпнұсқасы болмаған жағдайда азаматтың жеке басын растау үшін цифрлық құжатты пайдалануға болады. Атап айтқанда, eGov Mobile, Kaspi.kz және Halyk, Homebank мобильді қосымшаларындағы цифрлық жеке куәлікті көрсетуге мүмкіндік қарастырылған. Азамат қосымшадағы цифрлық құжатын көрсетіп, жеке басын растай алады. Сондықтан сайлаушыларға дауыс беру күні қажетті құжаттарын алдын ала тексеріп, цифрлық құжаттарды қолдану мүмкіндігін де ескеруге кеңес береміз. Бұл азаматтарға сайлау учаскесінде дауыс беру рәсімін ыңғайлы өткізуге мүмкіндік береді.

Цифрлық сервистерді дамыту сайлау процесіне қалай әсер етеді?

— Цифрлық сервистер сайлау процесінің ашықтығын, қолжетімділігін және ақпараттандыру сапасын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан заманауи технологияларды тиімді пайдалану – сайлаушылармен кері байланысты күшейтудің және азаматтардың сайлау процесіне қатысуына қолайлы жағдай жасаудың маңызды бағыттарының бірі.

Сайлау күні азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, сайлау учаскесін алдын ала анықтап, оның мекенжайын нақтылап алған жөн. Қажетті құжаттарды да ұмытпау керек. Азаматтар өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, сайлауға белсенді қатысса дейміз. Әрбір дауыс маңызды.

– Әңгімеңізге рақмет. Сайлаушыларға пайдалы ақпарат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.