ӨЗГЕ ҰЛТТАР ҚАЗАҚША ӘН ШЫРҚАДЫ

0

Қордай ауылдық мәдениет үйі – аудан тұрғындарының рухани азық алатын орны десек қателеспейміз. Өнер ордасының есігінен кіріп келгенде-ақ оның ерекшелігін сезініп, ұйықтап жатқан рухыңызды оятатын қастерлі жер екендігіне көз жеткізесіз. Мәдениет үйінің меңгерушісі Берік Семетаев ғимараттың бірінші қабатына өз қолымен ұлттық нақыштағы жәдігерлер мен тарихымыздан сыр шертетін ескерткіштерді қаз-қатар тізіп, кішігірім музейге айналдырған. Бұл экспонаттар мәдениет ошағына ерекше сән беріп қана қоймай, мұнда келген аудан жастарының бойына ұлттық құндылықтарды дарытуға, тарихын тануға септігін тигізуде.
Үнемі игілікті шаруалардың ұйытқысы болып жүретін рухани орталықтың меңгерушісі Берік Семетаев сәрсенбі күні кезекті тағылымы мол іс-шараны ұйымдастырды. Ауданымызда тұрып жатқан түрлі этнос өкілдерінің достық қарым-қатынасын нығайту, ұлтаралық татулықты насихаттау және мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында «Кел шырқайық, құрбым» атты концерттік шара өтіп, өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде ән шырқады. Аталмыш шараға музыкалық білімі жоқ қарапайым азаматтардың қатысқанын айта кеткен жөн.
Қазақ тілінің мерейі асқақтаған кештің шымылдығын Владислав Третьяков «Көк тудың желбірегені» әнімен ашты. Одан кейін №5 Қаныш Сәтпаев атындағы мектептің үшінші сынып оқушысы Дарина Морозова Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін тамылжыта шырқады. Сондай-ақ, «Серілер» триосы домбырамен күмбірлете отырып «Саржайлау», «Есіңе мені алғайсың» әндерін орындап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Қасиетті сахна төрінде ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі, қырғыз ұлтының өкілі Т.Османалиев, орыс ұлтының өкілі А.Фунтиков өнер көрсетті. «Арабеск» би тобының бишілері де мың бұрала би билеп, кештің көркін аша түсті. Әдемі кешті «Ивушки» дуэті «Айналдым елім» атты патриоттық әнмен аяқтады.
Концерттік шарада өнер көрсеткен «Серілер» триосы мен Л.Калашникова осы мәдениет үйінің қызметкерлері. Ешбірінің музыкалық білімі болмаса да, әнді кәнігі әншілерден кем түспей орындағандарына қарап таңданысымызды жасыра алмадық. Бұл қасиетті қара шаңырақтың киесі іспетті. Рухани қазына мекені ондағы кез келген жанды өнер атты тұнық әлемге тартып әкететін сыңайлы.
Іс-шараның ұйымдастырушысы Берік аға аудан әкімдігінен, ардагерлер кеңесінен келген қонақтарға, өзінің бастамасын әрдайым қолдап отыратын ұжымына, барлық қатысушыларға үлкен алғысын жеткізді.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.