Бүгін аудандық музейдің Отар ауылдық тарихи-өлкетану үйірмесінде Білім күніне орай өскелең ұрпаққа тағылымы мол «Білімді ұрпақ — ұлт болашағы» атты лекция ұйымдастырылды. Іс-шараға №41 К.Әзірбаев атындағы орта мектебінің 4 «Ә» сынып оқушылары қатысты. Лекцияның негізгі мақсаты жас ұрпаққа білімнің адам өміріндегі маңызын түсіндіру, оқушыларды білімге құштарлыққа, ізденіске, еңбекқорлыққа баулу және ел болашағының білімді де саналы ұрпақтың қолында екенін ұғындыру болды. Шара барысында білімнің адам өміріндегі орны мен қоғам дамуындағы рөлі туралы мазмұнды әңгіме өрбіді. Оқушыларға білімді адамның үнемі ізденіп, жаңа нәрсені үйренуге ұмтылатыны, ал сапалы білім мен жақсы тәрбие жарқын болашақтың берік негізі екені түсіндірілді. Сонымен қатар, халқымыздың рухани мұрасында білім мен ғылымға ерекше мән берген ұлы тұлғалардың өнегелі ой-пікірлері таныстырылды. Әл-Фарабидің ғылым мен тәрбиеге қатысты тұжырымдары, Абай Құнанбайұлының білім мен ғылымды дәріптеген қара сөздері мен өлеңдеріндегі ойлары, Шәкәрім Құдайбердіұлының адамгершілік пен ізденіс туралы тағылымы, сондай-ақ Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы мен өнегелі өмір жолы жөнінде мәліметтер берілді. Лекция барысында оқушылармен білім, оқу, еңбек пен талап туралы мақал-мәтелдер айтылып, олардың мән-мағынасы талқыланды. Балалар белсенділік танытып, өз ойларын ортаға салып, білімнің адамды алға жетелейтін күш екенін атап өтті. Іс-шара соңында оқушылар үйірме экспозициясымен танысып, туған өлке тарихына қатысты мәліметтер алды.