230 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛМАҚ

0

Брифингте мәлім болғандай бүгінде Қордай ауданы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтар қатарында 1529 адам кезекте тұр екен. Олар негізінен жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, бюджеттік қызметкерлер, 1-2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар мен зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және тағы басқа әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Осыған орай кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Қордай ауданы бойынша көп қабатты тұрғын үй құрылысын 2022 жылға дейін дамыту картасы әзірленіп, бекітілген. Бекітілген карта бойынша Қордай ауылында 22 көп қабатты үйдің құрылысы жоспарланған. Ондағы пәтер саны 1270 болмақ.

Ал, қазіргі таңда «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары аясында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үй бойынша Қордай ауылындағы «Батыс» тұрғын алқабында 5 қабатты 50 пәтерлі үйдің құрылысы қарқын алған. Сметалық құны 453 млн. 170 мың теңгені құраған нысанның құрылысымен мердігер «Нұр Құрылыс-болашақ» ЖШС айналысуда. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жалпы сомасы 1,6 млрд. теңгені құрайтын 3 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Аталған үйлер биылғы жылдың желтоқсан айында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Нәтижесінде 230 отбасы баспаналы болмақ.

Брифингте Рүстем Рысбайұлы биылғы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін 44 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазір сол үйлерге сараптама қорытындысы алынып, 2021 жылға бюджеттік өтінім де беріліп қойған. Демек, аудан орталығында көп қабатты үйлер қатары көбейіп, алдағы жылдары ауыл құрылыс алаңына айналмақ. Нәтижесінде баспаналы болуды көксеген көптеген жандардың басты арманы орындалатын болады.

Жиында тек аудан орталығы ғана емес сонымен қатар ауылдық округтерде аталмыш тақырып аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысы сөз болды. Аудан басшысы биыл Қаракемер ауылында 2 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жеке кәсіпкер есебінен жүргізіліп жатқанын айтты. Құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталмақ.

Брифингте аудан әкімі облыс бойынша қолға алынған «Асар» жобасы арқылы 15 жеке тұрғын үй құрылысы салынып жатқанын да жеткізді. Бұл үйлер қараша айында қолданысқа берілетін болады.

Қай жерде болмасын алып құрылыс жоспарланғанда алдымен инженерлік инфрақұрылымын тарту жұмыстары жүргізілетіні анық. Осы мақсатта ауданда үлкен жобалар қолға алынған. Қордай ауылындағы «Солтүстік» және «Шығыс» (613 га 2776 жер учаскесі) алқаптарында 2017-2018 жылдары электр жүйесі және жол құрылысы жүргізілген, бүгінгі таңда ауыз су жүйелерінің құрылысы қолға алынған. 2018 жылдан бастап 2276 жер учаскесі кезекте тұрған азаматтарға берілсе, ал ағымдағы жылдың соңына дейін 500 жер учаскесін кезекке сәйкес беру жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Қордай ауылындағы «Батыс» алқабына (106 га, 388 жер учаскесі) электр желісі, ауыз су және жол салуға биыл 2 млрд. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Аяқталу мерзімі 2020 жылдың желтоқсан айы деп күтілуде. Нәтижесінде 2021 жылы 388 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға берілмек. Осындай жұмыстар Отар ауылында да қолға алынған. Онда 76 гектар аумақты алып жатқан жаңа тұрғын алқапқа (682 жер учаскесі) электр желісі, ауыз су жүйелерін жүргізуге ағымдағы жылы 844 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар басталған.

Аудан әкімі брифингте жасалып жатқан жұмыстармен қатар алдағы жоспарлар турасында да мәліметтер берді. Оның ішінде Қордай ауылының маңындағы «Самал тау» алқабына инфрақұрылым жүргізуге бюджеттік өтінім беру, аудан бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге 14 елді мекенде инфрақұрылым жүргізу жайы турасында сөз етті.

Баяндамадан кейін әдеттегідей тікелей эфир арқылы қосылып отырған тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, оларға жауаптар беріліп, қалғаны назарға алынды. Түскен бірқатар сұрақтар бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар да жүктелді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.