Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүзеге асырылып жатқан цифрлық және жасанды интеллект жобаларына тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

0

Алматыда өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүзеге асырылып жатқан цифрлық және жасанды интеллект жобаларына тоқталды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мемлекет басшысы бұл бастамалардың мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттырып, экономиканы цифрлық трансформациялауға серпін беретінін айтты.

Президенттің сөзінше, Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша цифрлық экономиканың әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі 15 пайыздан асқан. Бұл жаһандық бәсекенің дәстүрлі тауар нарығынан деректер мен технологиялық стандарттар нарығына ауысқанын көрсетеді.

– Бүгінгі өзгерістердің әсерін еліміз әлі толық сезіне қойған жоқ. Өткен айда Қазақстан бірыңғай кедендік рәсімдеу платформасына өтті. Енді декларация толтыру уақыты бір минуттан аспайды, ал құжаттардың басым бөлігі автоматты түрде қаралады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда Smart Cargo ұлттық логистика платформасы әзірленіп жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, жаңа жүйе 127 дерек көзімен тікелей байланысып, адал жұмыс істейтін компаниялардың шекарадан жылдам өтуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар салық саласы да ауқымды цифрлық өзгерістерден өтіп жатыр. Президенттің мәліметінше, салықтық әкімшілендірудің біртұтас жүйесі құжаттарды өңдеу уақытын бір сағаттан бір минутқа дейін қысқартқан. Нәтижесінде екі миллионнан астам салық төлеушіге қызмет көрсету үдерісі жеңілдеген.

Жиында Smart Data Finance платформасының іске қосылуы да маңызды жетістік ретінде аталды. Мемлекет басшысының айтуынша, жүйе мобильді аударымдардан бастап әуе сапарларына дейінгі мәліметтерді қамтитын 78 дереккөзден аналитикалық ақпарат жинайды. Бұл бюджетке онлайн мониторинг жүргізіп, жүздеген миллиард теңге көлеміндегі тәуекелі жоғары төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Президент сондай-ақ Ұлттық тауарлар каталогына 23 миллионнан астам өнім түрі енгізілгенін айтты. Осы база негізінде мемлекеттік сатып алулардың болжамдық-талдамалық моделі жасалып, жыл сайын 200 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік туатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту Қазақстан экономикасының тиімділігін арттырып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.