«Amanat» партиясы Қордай аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Мәден Мұсаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Партия филиалының акт залында өткен қабылдауға әкімдік бөлімдерінің басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысып, тұрғындардың сұрақтарын тыңдады.
Қоғамдық диалог, ашықтық, азаматтардың қажеттіліктеріне жедел ден қою «Amanat» партиясының қызметіндегі басты басымдықтар болып табылады. Осындай қабылдаулардың арқасында азаматтар көтерген көптеген мәселелер оң шешімін тауып келеді.
Мәден Тоқтарбайұлы әрбір тұрғынмен әңгімелесіп, бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырмады. Мысалы, Қордай ауылының тұрғыны, көпбалалы ана баспананың жоқтығына шағымданды. Азаматша тұрғын үйге кезекте тұрғандар тізіміне енгізілген, бірақ оны алу үшін белгілі бір уақыт күту керек. Ал, тұратын жалдамалы пәтерді жақын күндері босату керектігін жеткізді. Аудан әкімі оны мұқият тыңдап, жауапты тұлғаларға тапсырма берді. Нәтижесінде, осы мәселені шешу бойынша барлық мәселелер егжей-тегжейлі түсіндірілді, сондай-ақ мерзімі де ескертілді.
Сондай-ақ, қабылдауға Отар ауылынан келген азаматша үйі жөндеуді қажет ететінін, оның өзі шатырды жабуға мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Жұмыс көлемін зерттеу және көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, жер телімін алу, жұмысқа орналастыру, құжаттарды рәсімдеу мәселелері айтылды.
Мәден Тоқтарбайұлы заң аясындағы барлық сұрақтарға толық жауап берді. Бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапты, бір бөлігі аудан басшысының жеке бақылауына алынды. Мәден Мұсаев қабылдауға келген барлық тұрғындарға алғысын білдірді.
ТҰРҒЫНДАРМЕН ТІКЕЛЕЙ ЖҮЗДЕСУ
Prev Post
Next Post