Қордай ауданында аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұлдың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастары жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға комиссия мүшелерінен бөлек «Жамбыл облысы Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы — Ерұлан Мағзымбеков, «QazMed» Медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалалық кәсіподағы» бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы — Нұрлан Махашов арнайы қатысты. Сонымен қатар, комиссия отырысына аудандық кәсіпорын жұмысшылары, кәсіподақ өкілдері шақыртылды.
Күн тәртібіне сәйкес, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары – Ляззат Минискулова сөз алып, комиссияның соңғы 8 айда атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, еңбек нарығын тұрақтандыру бағытында атқарылған нәтижелі істерді атап өтті.
Облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Қарашолақов өз сөзінде жұмыс беруші, жұмысшы және жергілікті атқарушы орган арасындағы алтын көпір – үшжақты келісімнің маңыздылығына тоқталды. Ол еңбек дауларының алдын алу, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және жалақының, әлеуметтік төлемдердің уақтылы берілуін бақылау кәсіподақтардың басты назарында екенін еске салды.
Жиынның салтанатты бөлімінде айтулы мереке «Еңбек күніне» орай марапаттау рәсімі өтті. Өңірдің дамуына елеулі үлес қосып, өз саласында адал қызмет атқарып жүрген бірқатар кәсіпорын жұмысшыларына (С.Каплунов — «KORCEM» ЖШС цемент өндірісі зауытының жүк көтергіш жүргізушісі, Б.Джумагалиев — «Нөсер» ШҚ-ның механизаторы, А.Қайрат — «Жылқыбеков» ЖК «FLAGMAN» сауда орталығы сауда залының әкімшісі, А.Иманалиев — «Ақтас» ЖШС тау-кен өндірісі кәсіпорнының ауыр жүк көлігінің жүргізушісі) аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Марапат иелеріне ел игілігі жолындағы қажырлы еңбектері үшін алғыс білдіріліп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Осылайша өз мәресіне жеткен үшжақты комиссия отырысы өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын тиімді реттеудің және өзара ынтымақтастықты арттырудың тағы бір дәлеліне айналды.