ЖАҢА ЖОБАЛАР САНЫ АРТҚАН

0

Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде аса маңызды сұрақтар қаралды. 2022-2025 жылдары ауданның экономикалық дамуы және міндетті медициналық сақтандыру мәселелері талқыға түсті. Жиынға ауылдық округ әкімдері, мекеме және бөлім басшылары қатысты.

Бірінші сұрақ бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы С.Абдужалиева, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Әлімқожаев, ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Б.Садырбаев сөз алып, аудан көрсеткішерінің қай бағытта дамып жатқандарын баян етті.
Светлана Абдужалиева ауданда жақын арада іске асырылатын жобаларды сөз етті. Олардың қатарында жаңа мектептердің, спорт кешендерінің құрылысы, оқу мекемелерінің күрделі жөндеуі бар. Сонымен қатар, денсаулық саласында медицина нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуіне қатысты 11 жоба іске қосылмақ.
Кәсіпкерлік саласында жағымды жаңалықтарымен бөліскен кәсіпкерлік бөлімінің басшысы күн сайын жобалар саны ұлғайып, жаңа жұмыс орындары құрылып жатқанын жеткізді. Мәселен, 2022 жылы 94 жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінгі күнге 17 жоба іске қосылып, 70 жұмыс орны құрылған.
Дегенмен, бұл жұмысты жандандыру қажет ауылдық округтер бар. Мәселен, Қаракемер, Ноғайбай, Үлкен Сұлутөр ауылдық округтерінде биыл жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланбаған. Осы орайда аудан әкімі Мәден Мұсаев аталған округ әкімдеріне ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқаны жөнінде сұрақ қойды. Ауыл әкімдерінің жауаптарын мұқият тыңдаған аудан басшысы бұл мәселені жан-жақты зерделеу қажеттілігін атап, оларға тапсырма жүктеп, орындау мерзімдерін белгіледі.
Келесі кезекте атқарған жұмысы жөнінде ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Б.Садырбаев баяндады. Мәден Тоқтарбайұлы жұмыстың кемшін тұстарын атап, жауапкершілік жөнінде ескертіп, оларды жақын арада жоюды ұсынды.
Содан кейін АОА бас дәрігерінің м.а. И.Черныхтың баяндамасы тыңдалды. Иван Викторович азаматтарды медициналық сақтандырумен байланысты проблемалық тұстарды атап өтті.
Сонымен қатар жиын барысында азық-түлікке негізсіз баға өсірмеу, елді мекендерді газдандыру, Алға ауылында электр қуатымен байланысты проблемаларды жою мәселелері талқыланды. Барлық қаралған мәселелер бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.