БАСТАМАСЫ ІЗГІ «IZGI IS QORDAI»

0

Ауданымызда тәуелсіздік алғалы бері өз ісін дөңгелетіп алып кеткен көп кәсіпкерлер пайда болды. «Сен де осы бір кірпіш дүниенің, кетігін тап та бар қалан» деген Абай атамыздың өсиетін ұстанған нарықтық экономиканың ыстық-суығына шыңдалып, бәсекелестікке шыдай білген еті тірі азаматтар қазіргі таңда аудан экономикасына өз үлестерін қосып жүр.
Осындай азаматтардың бірі «Izgi is Qordai» ЖШС-ң басшысы Әлібек Омар. Қордай ауданының тумасы Әлібек Долбайұлы сонау 2000-шы жылдары мемлекеттік қызметті қойып, бизнес саласына келді. Негізгі мамандығы құрылысшы-инженер алғашқы бизнесі ретінде жихаз құрастыру саласын таңдап, жұмысын бастап кетті. Қазіргі таңда бірнеше бизнес түрімен айналысып жүр. Жуырда «Қазақстанның үздік тауары» облыстық байқауының жүлдегері атанып, ауданымыздың беделін бір көтеріп тастады. Енді кәсіпкер республикалық байқауға дайындалып жатыр. Байқауға кәсіпкер өз жихазымен аттанған еді. Қордай ауылында орналасқан жихаз цехы көптеген қордайлықтарға бұрыннан танымал. Шифоньер, стол, орындық, матрац, арнайы ортопедиялық матрацтарды шығарумен айналысатын цехтың өнімі Қордай ауданында ғана емес, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында да танымал екен. Осыған орай, цехтың жұмысымен танысып, өз көзімізбен көруді ұйғардық. Бұрынғы өндірістік ғимарата орналасқан жихаз цехы бүгінгі таңда төрт-бес бөлімнен тұрады екен. Металлды өңдеу, ағаш өңдеу, сыртын қаптау, жихазды құрастыру, әрлеу-сырлау бөлімдері жеке-жеке бөлмелерде орналасқан. Цехта келген металл арматураларды өздері иіп, кесіп, қажетті формаларға келтіріп дайындайды екен. Болашақ жихаздың ою-өрнегі мен фасонын да арнайы машиналармен өздері кесіп жасайды. Матрацтардың темірлерін ию, поролонмен немесе матамен толтыру жұмыстары да толығымен цехта жасалынады. Жуырда Қытайдан компьютерлік бағдарлама арқылы жұмыс істейтін арнайы машина да алынған екен. Арнайы бағдарламаға дизайнын енгізсең станок ағаштан қажетті затты кесіп береді. Жиырма жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан Әлібек Долбайұлы өз ісінің қыр-сырын әбден меңгеріп алған. Қордайдағы көп білікті ұсталардың өз еңбек жолын осы цехтан бастағанын мақтанышпен айтады. Қазіргі кезде цехта жасалған өнім Қордайда және Алматыда орналасқан арнайы өзінің дүкендеріне жеткізіліп сатылып жатыр. «Біздің қазіргі таңдағы басты проблемамыз кадр тапшылығы болып отыр. Жастар келіп үйренеді, үйреніп алған соң Алматы сияқты ірі қалаларға кетіп жатыр. Сондықтан білікті маман табу қиынға соғып отыр. Өндірісті ұлғайтуға да кедергі болып жатқаны сол. Өнімімізге сұраныс үлкен. Үлгермей жатырмыз. Жақында Алматы қаласында тағы бір цех ашуд жоспарлап жатырмыз. Қордайдан Алматыға жихаз тасу қымбатқа түседі», — дейді Әлібек Омар. Айтып қана қоймай кәсіпкер мәселені шешудің жолдарын да іздестіру үстінде екен. Мәселен, жастарды үйрету үшін цехтың базасында кәсіптік білім беру мекемелерімен бірлесе отырып, арнайы сыныптар ашу туралы келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Одан бөлек, шетелде болған кезде солардың жихаз зауыттарында болып қайтқан азамат, ол жердегі жұмыс тәжірибесін де көріп қайтқан. «Барлығы автоматтандырылған, ең ауыр жұмысты машиналар істейді, адамдар жеке-жеке операцияларды ғана жасайды. Конвейерлік жүйе кеңінен пайдаланады екен. Бізде кей жағдайда бір адам жихаздың ағашын түсіруден бастап, жинау, сырлау жұмысына дейін басы-қасында жүреді. Әрине ауырға тиеді. Сондықтан жуырда өзімізде де конвейерлік жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. Жұмысшылардың жұмысы жеңілдесе, кадр тапшылығын да шешуге болады деген сенімдеміз», — дейді кейіпкеріміз.
Айта кету керек, кәсіпорынның «Қазақстанның үздік тауары» байқауындағы жеңісі оңай болмаған. «Izgi is Qordai» ЖШС-ң байқауға төрт жыл қатарынан қатысқан екен. Міне, биыл төгілген тер мен жұмсалған еңбек ақталып, кәсіпорынның жұмысы облыс деңгейінде танылды. Енді кәсіпорын республикалық деңгейге шығып, Жамбыл облысы атынна өз тауарын байқауға шығармақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.