Жамбыл облысының тұрғындарын таза ауыз сумен және табиғи газбен қамту мәселесі 2025 жылы толығымен шешіледі. Бұл туралы аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Басқосуда Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының есебі тыңдалды.
Басқарма басшысы Қ.Қорғанбаевтың айтуынша, ауыз су, табиғи газбен қамту, жылу-энергетикасы және тұрғын үй жөндеу бағытында 133 жобаға 38,0 млрд.теңге қарастырылған. Қазіргі таңда облыстағы 371 елдімекенде 1 150,1 мың адам тұрады. Оның ішінде төрт қалада (Тараз, Қаратау, Жаңатас, Шу) 460,3 мың адам, 367 ауылдық елдімекенде 689,8 мың адам бар.
Өткен жылдың қорытындысымен орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші қалаларда 91 пайызды (419 мың адам), ауылдық елдімекендерде 88,8 пайызды (612,2 мың адам) құраған.
Қалалар маңындағы тұрғын алқаптар алдағы төрт жылда кезең-кезеңімен сумен қамтылмақ.
Бұдан бөлек, биыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған 69 ауылдық елді мекеннің 33-іне құбыр тарту құрылыс жұмыстары басталып, 25 ауылға жыл соңына дейін су беріледі деп жоспарланған. Ал, қалған 8 ауылдық елді мекеннің жобасы 2023 жылға өтпелі. Сондай-ақ, 2024 жылға 15 жоба, 2025 жылға 21 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Біз негізгі жұмыстарды кейінге қалдырмай, 2022-2023 жылдары атқару керекпіз. Сондықтан 15 жобаның да құжаттама жұмыстарына бүгіннен кірісіп, келер жылға дайындауға тиіспіз. 2025 жылға жұмыстардың ең аз көлемін қалдырып, толығумен аяқтауға күш салу қажет, — дей келе облыс әкімі жоспарлы жобаларды қайта саралап, талдауды тапсырды.
Басқарма басшысы суды тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылатын 31 ауылдық елдімекеннің бесеуіне ағымдағы жылы қаржы жоспарланып, қалған 26 ауылдық елдімекенге 2023-2025 жылдары орнату көзделгенін жеткізді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, орталықтандырылған ауыз сумен қамтудың аудан бөлінісіндегі жоспары, су жүйелерінің және су беруші кәсіпорындардың жағдайы, ауыз су құнын субсидиялау жоспары, геологиялық іздеу-барлау жұмыстары, кәріз тазарту имараттары туралы толыққанды талдаулар жүргізіліп, нәтижесі баяндалды.
Сонымен қатар, жиында тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесіне де айрықша назар аударылды.
Бүгінде облыстағы 371 елді мекеннің 257-сі (69,3%) немесе 1 018 мың адам (88,6%) табиғи газбен қамтамасыз етілген. Халық саны 200-ден аз ауылдарды қоспағанда, 2025 жылы көрсеткіш бұл 100 пайызға жететін болады.
Құдайберген Қорғанбаев 44 елді мекенде газ құбырларының құрылысы жүргізіліп жатқанын айтып, алты елдімекен бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттің кезекті нақтылауына ұсынылғанын атап өтті. Ал, 22 елдімекенге аудан әкімдіктері тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде десек, 14 елді мекенге аудан әкімдіктері тарапынан жоба әзірлеу қажет. Айта кету керек, 28 елдімекенде халық саны аз (200 ден төмен) болуына байланысты, газдандыру мәселесі кейінгі жылдарға қалдырылып отыр.
Біз болашағы жоқ ауылдар деген ұғымға басқаша көзқараспен қарау керекпіз. Халық саны аз деп газ, су тартып, жол салмайтын болсақ, ондағы тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтымасақ, ол ауылдарға кім көшіп барады? Ауылдардың болашағын қолдан қиындатпайық. Қажетті жағдайларды жасайтын болсақ, жастар да сонда тұрақтайды. Осы тұрғыда кешенді түрде ойланып, есептеулер жүргізіп, мүмкіндіктерді қарастыру керекпіз, — деген Нұржан Нұржігітов жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
Аймақ басшысы ауылдарға ауыз су, газ тартқанда құбырларды көшелермен жүргізу жұмыстары алдағы жобаларда міндетті түрде қамтылу керектігіне баса назар аудартты.
350-450 мың теңгеге үйіне дейін газ тартуға кез-келген отбасының жағдайы келе бермейді. Сондықтан көгілдір отын тұрғындардың аулаларына дейін жетуі тиіс. Сонда ғана, үйге газ тарту оларға арзанға түседі. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға бұл тұрғыда қолдау көрсетіп, демеушілік шараларын ұйымдастыру жолдарын қарастырыңыздар.
Газ тартылған ауылдардағы әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін көгілдір отынға көшіру жұмыстары кейінге қалмауы керек,-деді аймақ басшысы.
Жиында электр энергиясымен қамту, жылу-энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен бірқатар өзекті мәселелер де жан-жақты айтылды.
АУЫЛ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ – БАСТЫ МАҚСАТ
Prev Post