БАУЫРЛАСТЫҚ НЫҒАЙСА, ҮММЕТ БІРЛІГІ АРТАДЫ

0

Тілі, діні, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі бір-біріне өте жақын өзбек және қазақ халқы тарихи дамудың барлық бағыты бойынша өзара құрметпенен, туыс-бауыр болып, ғасырлар бойы татулық пен ынтымақтастықта өмір сүріп келеді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев айтқандай, «Өзбек пен қазақ – бір-біріне арқа сүйеп, ынтымақтастықта өмір сүріп жатқан тамыры бір халық». Біздің дініміз тату көршілік байланыстарды нығайтуға, жақсы қарым-қатынас жасауға шақырады. Абдулла ибн Амр әл-Астан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла алдында достардың ең жақсысы – досына жақсылық жасаған адам. Алла алдында көршінің ең жақсысы – көршісіне жақсылық жасаған адам», – деген (Имам Термизий риуаяты).
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Бір Аллаға құлшылық жасаңдар, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар. Сондай-ақ жақын туыстарыңа, жетімдерге, кедей-кепшікке, жақын және алыс көршілеріңе, жолдастарға, жолаушыға жақсылық жасаңдар», – деген болатын («Ниса» сүресі, 36 аят). Демек көршіге жақсылық жасау – мүмін мұсылманның міндеті. Кейінгі жылдары екі мемлекеттің басшыларының ұтымды саясатының арқасында осындай тығыз тату көршілік пен өзара сенімге негізделген қатынастар барған сайын нығайып, жаңа деңгейге көтерілді.
Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық діни бағытта, сондай-ақ барлық салада дәйекті түрде дамып келеді және халқымыздың арасындағы бауырластық одан әрі жақсаруда.
Екі елдің мұсылмандар басқармалары ынтымақтастығының тарихи тамыры 1943 жылы құрылған Орталық Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағы бірлесе жүргізген қызметінен бастау алады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда Ислам дінін кеңінен тарату, діндарлар мен мұсылмандардың қажеттілігін толық қанағаттандыру, мешіттер мен медреселерді абаттандыру, біздің берекелі дінімізді насихаттау бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дамуына Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз елеулі үлес қосса, бүгінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығымен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алла Тағала Құран Кәрімде өз дініне қызмет етіп жүрген адамдарды былай сипаттайды: «Уа, иман келтіргендер! Егер Аллаға көмектессеңдер (дінімізді өркендету жолында), Ол да сендерге көмектеседі және қадамдарыңды тұрақты етеді» («Мұхам­мед» сүресі, 7 аят).
Бүгінгі күрделі жағдайда дін көшбасшылары мен Ислам ғалымдарының үйлесімді жұмысы бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Мұсылман ғалымдарының тығыз ынтымақтастығы ғана туындаған мәселелер мен қайшылықтарды шеше алады. Соның ішінде бауырлас халықтармен қарым-қатынасты нығайту дініміздің дамуына серпін береді.
2018 жылы Ташкент қаласында Өзбекстан мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осыған орай пәтуа мәселелерінде, Рамазан айының басталу күні мен екі айт мерекесінің бірінші күнін анықтауда тұрақты ынтымақтастық байланыс орнады. Соңғы бес жыл ішінде Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан ғалымдарымен Рамазан айының, Ораза айт пен Құрбан айттың, шариғат мәселелері бойынша намаз уақыттарын анықтау және пәтуаларды әзірлеу мәселелері бойынша берік байланысымыз өз жемісін беріп келеді. Сондай-ақ меморандум аясында екі діни басқарма арасында зиярат туризмін дамыту, діни білім беру мен діни зерттеулер өткізу бағытында тәжірибе алмасу, халықаралық конференцияларға, семинарларға, дөңгелек үстелдерге қатысу секілді іс-шаралар өткізілді. Екі діни басқарма басшылығының әртүрлі тақырыптарда бірнеше рет кездесулер өткізгені бауырлас халықтардың бір-біріне деген құрметі мен сенімі одан ары дамып келе жатқанын көрсетеді. 2021 жылдың қараша айында Өзбекстан мұсылмандары басқармасының делегациясы Қазақстанда өткен «Тәуелсіз Қазақстан және Ислам құндылықтары» халықаралық конференциясына қатысып, бауырлас халықтардың Ислам дініне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Конференция аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы біздің қарапайым еңбегімізді жоғары бағалап, мерекелік медальмен марапаттады. Әрине, бұл сыйластықтан біздің көңіліміз көкке көтерілді. Сонымен қатар мұны екі бауырлас елдің бір-біріне достығы мен жақындығының белгісі деп қабылдадық. Осы сапар барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы діни-ағартушылық бағыттағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ екі ел көш­басшыларының ұтымды саясаты да халықтарымыз арасын­дағы бауырластық байланысты нығайта түсетіні сөз болып, болашақта бірқатар жобаларды іске асыру жайы талқыланды. Биыл көктемде Ыстамбұл қала­сында өткен түркі мемлекеттері діни басқармалары басшы­ларының кездесуі де осын­дай диалогтың ажырамас жалғасы болды. Осы кездесуде де Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы­ның делегациясы бірқатар маңыз­ды ұсыныстарды алға тартып, Өзбекстан делегациясының пікір­лері мен ұсыныстарына қолдау білдірді. Бұл да бауырластықтың маңызды қырының бірі деуге болады.

Нуриддин ХОЛИҚНАЗАРОВ,
Өзбекстан мұсылмандары
діни басқармасының төрағасы, мүфти

Leave A Reply

Your email address will not be published.