НАУҚАНҒА НАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ

0

Өткен сейсенбіде аудан басшысы Мәден Мұсаевтың басшылығымен алда келе жатқан аса маңызды саяси науқан – Президент сайлауына қатысты кеңес өтті. Жиынға аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Асылбек Сырлыбаев, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты.
Жуырда жарияланған сайлау науқаны еліміздің болашағын анықтап, дамудың жаңа бағдарын анықтап беруге тиіс. Сондықтан сайлау науқанын заң қағидатына сәйкес өткізу өте маңызды болып отыр. Кеңес барысында А.Сырлыбаев сайлау заңнамасының негізгі ережелерін тізбектеп, болашақ сайлауға қандай дайындық шараларын өткізу қажет екендігін атап өтті. Осы орайда Мәден Мұсаев ауыл әкімдеріне халық арасында тиісті үгіт-насихат жүргізу қажет екендігін баса айтты. «Азаматтардың арасында сайлаудың маңыздылығы туралы және оған қатысу қажет екендігін барынша жеткізу керек. Сондықтан халықтың арасында жүрген кезде осы жұмысты тұрақты жүргізулеріңіз қажет», — деді аудан басшысы.
Жалпы аудан бойынша 54 сайлау учаскесі бар.Сайлаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында сайлау учаскелері телефон байланысымен, интернетпен, пандуспен, бейнебақылау камераларымен, қосымша электр көздерімен толық қамтылған.
Сонымен қатар сайлау күні аудан бойынша үй жағдайында дауыс беретін мүгедектігі бар азаматтардың жағдайы ойластырылып, олардың мекен жайына бару және инватакси қызметтері көрсетілмек. Есту қабілеті бұзылған 12 мүгедектігі бар азаматқа ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылатын болады. Бүгінде аудан бойынша 54 сайлау учаскеге жауапты мамандар бекітіліп, іс-қимыл әрекеттері жасақталды.
Өз кезегінде аудан әкімі орынбасарларына өздері жетекшілік ететін салалар бойынша мекемелер мен кәсіпорындар белгіленген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.