АУДАН ӘКІМІ АТБЕГІЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

0

Жуырда Мәдениет және спорт министрлігі, «AMANAT» партиясы, «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры мен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастыруымен Елордадан бастау алып қазақтың сайын даласын дүбірлеткен «Ұлы Дала Жорығы» республикалық бәйге марафоны соңына жетті. Марафонға қатысушы шабандоздар Астанадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды артқа тастап, мәреге жеткен болатын. Шын мықтылар жолға шыққан аламанда жүлделі төртінші орынға Жамбыл облысының атбегілері жетті. Ал, олар қордайлық азаматтар болғаны тіпті абыройымызды асқақтата түсті.
Аталмыш марафонға қатысып, жүлделі 6 миллион теңгемен марапатталған мықтыларды аудан әкімі Мәден Мұсаев құттықтады.
— Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінде 12 күндік аламан жарысқа белсене атсалысқаныңыз үшін алғыс білдіремін. «Ұлы дала жорығы» — қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттайтын, рухын оятатын, еліміздің тарихын зерделеп, жаңа туристік маршрут қалыптастыратын тың жоба. Сонымен қатар, жастардың бойында ұлттық мінез қалыптастырудағы маңызы да ерекше, — деген Мәден Тоқтарбайұлы республикалық «Бәйге» федерациясының президенті Мұрат Кеңесұлына, аталмыш марафонға шабандоздар мен жылқыларын дайындаған Расул Абудинұлы мен шабандоз Дарын Саймасайға Құттықтауын жеткізіп, қазақи дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпатын ұсынды.
-Осындай ұлтжанды азаматтардың арқасында «Ұлы дала жорығы» марафонының, жалпы ұлттық спорт түрлерінің келешегі жарқын болатынына мен кәміл сенемін, — деді кездесу барысында аудан әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.