ЖАС МАМАНҒА ҚОЛДАУ КӨП

0

Өткен сәрсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов төрағалық етіп, жиынға бөлім басшылары мен кеңес мүшелері қатысты. Сондай-ақ, онлайн режим арқылы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Берікқожа мен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры А.Таутен қатысып отырды.

Кезекті кеңестің күн тәртібіне бес мәселе шығарылды. Онда ең алдымен жастар үшін қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауданда іске асуы сөз болды. Бұл мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы С.Абдужалиева баяндама жасады. Баяндамашының есебіне сүйенсек, бүгінгі күнге бағдарлама аясында 7 комиссия отырысы өтіп, онда көтерме жәрдем ақы алуға 211 адамның құжаты қабылданып, соның 96-сына оң шешім шығарылған. Ал, тұрғын үй сатып алуға 107 жас маманның құжаттары қаралып, 51 маманға оң шешім беріліп, оның ішінде 38 азамат тұрғын үй сатып алған. Айта кетсек, бағдарлама бойынша денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешенінің мамандары баспана ала алады.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Д.Молдағалиев сөз алып, аудан жастарын бұқаралық спортқа тарту аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Жалпы, аудан бойынша 311 спорт нысаны жұмыс істейді. Атап айтсақ, 2 спорт кешені, 19 үлкен футбол алаңы, 224 шағын спорт алаңшалары, 53 спорт залдар, 2 бассейн және 6 ату тирі бар. Жыл басынан жоспарлы және жоспардан тыс 76 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 10257 жастар мен жасөспірімдер қатысқан. Жастарды спортқа баулу мақсатында халқы тығыз орналасқан Қордай, Әлжан ана, Отар және Бетқайнар ауылдарында спорт кешенінің құрылысы басталған. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен Қордай ауылында күрес залының құрылысы жүргізіліп, таяуда қолданысқа берілмек.

Ал, Қордай ауданындағы мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуына қатысты жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы туралы облыстық жастар ресурстық орталығының директоры А.Таутен сөз алды. Ол, онлайн режимі арқылы ауданда жүргізілген зерделеудің қорытындысын баяндап, орындалған межелер мен кемшін тұстарды атап өтті. Келесі кезекте сөз алған облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы С.Берікқожа Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының жобасы туралы баяндады.

М.Қарабаев

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.