20 қараша күні елімізде
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс
сайлауы өтетіні мәлім. Осыған
орай аудан басшысы Мәден
Мұсаев әкімдіктің мәжіліс залында ауыл әкімдері, мекеме басшылары және аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Сырлыбаевтың қатысуымен жиын өткізді.
Жиынды ашқан Мәден Тоқтарбайұлы ең алдымен алдағы сайлаудың өзектілігіне тоқталып өтті: «Бұл саяси науқан ел ертеңін айқындайтын шешуші кезең, оның саяси реформаларға жаңа серпін берері анық. Сондықтан оның заң талаптарына сай өтуі өте маңызды. Әрқайсымыздың алдымызда маңызды да жауапты міндет тұр, осы науқанды бірлесе отырып, тиісті деңгейде өткізейік», — деді аудан әкімі.
Кездесу барысында ауқымды шараға дайындық жұмыстары туралы Қордай, Масаншы, Отар ауылдық округтерінің әкімдері есеп берді. Қордай ауылдық округінің әкімі Б.Сахатов бүгінгі күні халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ауыл ақсақалдары мен белсенділері алдағы саяси науқанның мәні мен маңызы, ел алдында тұрған елеулі өзгерістер жайында жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп жатқандығын жеткізді.
– Халыққа сайлауға қатысудың маңыздылығын жеткізу керек. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізу қажет, -деп атап өтті Мәден Мұсаев.
Айта кетейік, аудан бойынша 54 сайлау учаскесі бар. Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында сайлау учаскелері телефон байланысымен, интернетпен, пандуспен, видеобақылау камераларымен, қосымша электр көздерімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуы үшін барлық жағдай жасалған, әрі олар бұл күні инватакси қызметін пайдалана алады.
Жиынды қорытындылай келе, аудан басшысы сайлау өткізуге қатысты заң талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
Бекжол ӘПІЛЖАНОВ