«Болашаққа бағдар»

0

Қордай аудандық мемлекеттік архивінің мәжіліс залында Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Лугмар Буларовтың аудан тұрғындары және жастармен мазмұнды кездесуі өтті.

Жиынның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген маңызды бастамаларды кеңінен түсіндіру, ел дамуының басым бағыттарын талқылау және халықтың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асу. Кездесу барысында Лугмар Харкиевич Президент Жолдауында айқындалған міндеттер мен бастамалардың мән-маңызына тоқталып, олардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Әсіресе, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу және мемлекет пен халық арасындағы өзара байланысты нығайту бағыттарына ерекше назар аударылды. Жиын барысында әлеуметтік қолдауды күшейтуге қатысты түйінді мәселелер жан-жақты талқыланып, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салды. Сонымен қатар, елдегі қоғамдық-саяси үдерістер, жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның даму бағдарлары, мемлекеттік бастамаларды жүзеге асырудағы азаматтық қоғамның рөлі туралы да пікір алмасты. Кездесудің ашық форматта өтуі тұрғындар мен жастарға өз ойларын еркін жеткізіп, маңызды мәселелер төңірегінде ортақ пікір қалыптастыруға мүмкіндік берді. Лугмар Буларов өз сөзінде мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді халық арасында кеңінен түсіндірумен қатар, азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын жинақтаудың да маңызды екенін жеткізді.

«Біздің басты міндетіміз – Президенттің идеялары мен тапсырмаларын халыққа жеткізу, сондай-ақ аталған мәселелер бойынша азаматтардың пікірлерін, ұсыныстары мен ұстанымдарын жинақтау»,-деді Лугмар Харкиевич.

Оның айтуынша, ел болашағына қатысты маңызды бастамалардың нәтижелі жүзеге асуы үшін халықпен тұрақты байланыс орнатып, қоғамның сұранысы мен азаматтардың көзқарасын ескеру қажет. Өйткені кез келген мемлекеттік бастаманың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және әр азаматқа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл да қатысып, жиынның маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ басқосу барысында жастардың қоғам өміріндегі белсенділігі, олардың ел дамуына қосар үлесі мен азаматтық жауапкершілігін арттыру мәселелерінің де маңызы айтылды. Жалпы, бұл кездесу Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген басым бағыттарды тұрғындарға кеңінен түсіндірумен қатар, халық пен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған маңызды басқосу деуге болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.