ЭКСТРЕМИЗМ – АДАМ БОСТАНДЫҒЫНА ҚАУІП

0

Экстремизм мен терроризм тақырыбы тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі аса өзекті мәселенің бірі. Бұл әсіресе соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан түрлі лаңкестік оқиғалар мен экстремистік топтардың белсенді әрекетінен кейін ғаламдық проблемаға айналды.

Экстремизм сөз латынның extremus деген сөзінен шығады. Мағынасы саяси, экономикалық, идеологиялық, әлеуметтік, діни тағы басқа мақсаттарға тыйым салынған жолдар арқылы қол жеткізу дегенге саяды. Ал терроризм латынның terror, яғни қорқыныш деген сөзінен пайда болып, экстремизмнің соңғы нүктесі, атап айтқанда адамдарды қорқытып-үркіту, олардың денсаулығына, өміріне қауіп төндіру арқылы өз мақсатына жету әрекетін білдіреді.
Экстремизмнің түрі, бағыты бірнеше. Олардың негізгілері ретінде ұлттық, саяси және діни мақсатты көздейтін жымысқы әрекеттерді атауға болады. Ұлттық экстремизм деп өз ұлтын «сақтау», оның мәдени, экономикалық құндылықтарын «қорғау» сылтауымен өзгелердің құндылықтарына зиян тигізу, қауіп төндіру әрекеті танылады. Ал саяси экстремизм ретінде қоғамдық заңдылықтар негізінде қалыптасқан жүйені күшпен алмастыруды көздейтін әрекеттер саналады. Әлемде, оның ішінде Қазақстанда кең таралған және көп айтылатын діни экстремизм түріне діни қағидалар аясында өзге дін немесе сенім өкілдеріне, сондай-ақ дінге сенбеуші азаматтарға өз сенімін күшпен тықпалау немесе соған сәйкес әрекеттерге бару іс-қимылы жатады.
Терроризмнің де бірнеше түрі бар. Оның ішінде этникалық терроризм адамның ұлтына, этникалық түріне қарсы жасалған қылмыс түрі. Мұны кейде нәсілшілдік пиғылының нәтижесі деп те атап жатады. Діни терроризмге діни идеологияның ықпалымен өзге дін өкілдеріне немесе мемлекеттік құрылымдық жүйелерге қарсы радикалды іс-қимыл түрі жатады. Діни терроризм түріне діни канондарды бұрмалау арқылы адамдарды радикалдандыру және осы әрекетпен жұрт арасында дүрбелеу туғызу, жазсықсыз жандардың жанын қию әрекеттері жатады. Терроризмнің сондай-ақ криминалдық және идеологиялық түрлері де бар.
Өкінішке орай, террористік актілердің құрбанына көбінесе бейбіт тұрғындар, жас балалар айналуда.
Қазақстанда экстремизм мен терроризммен күреске айрықша көңіл бөледі. Діни идеологиямен санасы уланып, отбасын ертіп Сириядан шыққан Қазақстан азаматтары аз болған жоқ. Қазақстан қауіпсіздік қызметтері ұйымдастырған «Жусан» операциясының арқасында олардың көпшілігі елімізге қайтарылды.
Қорыта келгенде, бір ұлттың емес тұтас әлемнің бас ауруына айналған экстремизм мен терроризммен күрес еш уақытта толастамақ емес. Өйткені бұл жұмыстың астарында әлемдегі ең басты құндылық – адамның өмірі, оның бостандығы мен қауіпсіздігі жатыр.

Қордай ауылдық округі әкімі аппараты

Leave A Reply

Your email address will not be published.