«Бір ауыл – бір өнім» республикалық жобасының бастамашысы Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы болып табылады. Жоба пилоттық режимде 2022 жылдың наурыз айынан бастап төрт облыстың – Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облыстарының базасында іске асырылуда.
Жуырда Таразда Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы мен іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен осы пилоттық жобаға қатысушылардың тауарлары мен өнімдерінің көрмесі өтті.
Көрме жұмысына Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің сарапшысы, Қырғызстан республикасындағы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бас кеңесшісі Акихиса Харагучи, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысты.
Мемлекеттік органдардың, ШОБ қолдау институттарының басшылары мен микро, шағын және орта бизнес иелері мен іскер әйелдер кеңесінің мүшелерін біріктірген ауқымды шарада 70-ке жуық кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды.
Шара аясында «Бір ауыл-бір өнім» жобасының кеңесшісі, сарапшы Акихиса Харагучи жергілікті өнімнің сапасына баға беріп, тауарларды ілгерілету бойынша кеңестер беру үшін ісін жаңадан бастаған және қалыптасқан жамбылдық іскер әйелдермен кездесті.
Жамбыл облысы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова атап өткендей, «Бір ауыл – бір өнім» ауыл тұрғындарын нарықтық тартымдылығы бар бірегей өңірлік өнім жасауға тартуды көздейтін ауылдық қауымдастықтарды дамытуға бағытталған. Бұл ретте аталмыш жоба тауарларды өндіру үшін қолжетімді және жаңартылатын жергілікті шикізатты пайдалану, мамандандырылған жабдықты қолданбай, қол еңбегін немесе қарапайым құралдарды пайдалану, өндірілген тауардың жоғары сапасы, нарықтық сұранысқа бағдарлану, оның ішінде өнімді нарыққа ілгерілету үшін маркетингтік стратегия сияқты критерийлердің маңыздылығын ескереді. БАБӨ көрмесінде егін шаруашылығы өнімдері, сүт өнімдері, киізден, былғарыдан, жүннен жасалған бұйымдар, бал өндірісі, ұлттық құралдар, ыдыс-аяқ пен киім, кондитерлік өнімдер мен құлмақ жастықтары өндірісі сынды әртүрлі салалардағы тауарлар шығарылған.
Басты міндет – ауыл тұрғындарын бизнеске тарту, қажетті өндірістерді ашу және халықаралық нарыққа неғұрлым жарқын жобаларды шығару.
«Жапонияда жергілікті кәсіпкерлікті дамыту үшін басталған жоба бастапқыда кем дегенде бір өнім шығаруды көздеді. Ал қазір бір ауылда бірнеше өнім өндіруге болады, бірақ шикізат жергілікті болуы қажет деген шарт өзгеріссіз қалды. Бұл жерде сапа бірінші орында. Алғашқы кезеңдерде кәсіпкерлер бір нәрсені қолмен жасап шығара алады, содан кейін жаңа өндірістерді ашып, кәсібін кеңейте алады», — деді Акихиса Харагучи.
«Бір ауыл — бір өнім» жобасының кеңесшісі Акихиса Харагучи жергілікті кәсіпкерлердің ұсынған өнімдерінің алуан түрлілігін атап өтті.
Солардың бірі – Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Гүлназ Абдуалиева. Көп балалы ана әрі іскер әйел Гүлназ құлмақ өсірумен айналысады. Бұл өсімдіктен ол кондитерлік өнімдер, жастықтар, сусындар және нан өнімдерін шығарады. Бүгінгі күні кәсіпкер кооперация құрып, құлмақ өсіруді қолға алған өзі секілді ауыл әйелдерінің басын қосқан. Олар бүгінде бірегей рецепттер әзірлеп, тұрақты клиенттерін де жинап үлгенген.
«Мен осы іс-шараға қатысу арқылы кең ауқымды тұтынушылары бар өнімдермен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Біздің тауарлар экологиялық таза, жоғары сапалы әрі пайдалы. Халықтық медицинада құлмақ бүршіктері әлі де әртүрлі ауруларды емдеуде қолданылады», — дейді Гүлназ Абдуалиева.
БАБӨ жобасының белсенді қолдаушысы, іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Айгүл Ақшалова бірқатар ауылдық жерлерді аралап, жергілікті шикізатты пайдалана отырып, өндіріспен айналысатын ауыл кәсіпкерлерін тапқан.
«Қазірдің өзінде біздің облыста әйелдер бастамасымен жүзеге асқан бизнестер ерлердікінен кем түспейді. Облыста жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің 33000-нан астамын немесе 46,7%-н әйелдер басқаратын кәсіпорындар құрайды. Іскер әйелдер кеңесінің негізгі міндеті – ісін жаңадан бастаушыларға жәрдемдесу. Бұл міндетті орындау Өңірлік кеңес құрылған күннен бастап тұрақты режимде жүзеге асырылып келеді. Кеңес құрамында табысты бизнес-ханымдар ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерлердің өтініштері мен шағымдары негізінде бизнес-ортаны талдау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқан депутаттық корпустың қоғамдық көшбасшылары мен өкілдері де бар», – дейді Айгүл Ақшалова.
Неліктен іскер әйелдер кеңесі «Бір ауыл – бір өнім» жобасын қолдайды? Себебі бұл жобаның принциптері әйелдер бизнесі үшін өте қолайлы. Жергілікті шикізаттан өнім шығару қолөнерге ұқсайды. Мұнымен бала тәрбиесімен үйде отырып та айналысуға болады, әрі біртіндеп өнеркәсіптік деңгейге шығуға да мүмкіндік бар.
Көрмені қорытындылай келе, комиссия мүшелері өзінің ең үздік жобалары мен өнімдерін ала келген Байзақ ауданын ең белсенді аудан деп танып, жеңімпазға кубок табыс етті. Сондай-ақ барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі