Ағымдағы жылдың соңына дейін өңіріміздегі 163 елді мекен жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетімен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Басқосуда цифрландыру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов ауылдық елді мекендерді «талшықты – оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету бойынша 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасының» орындалуы туралы баяндады. Жол картасына сәйкес 74 елді мекендегі 183 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылатын болады.
— Бүгінгі таңда 367 ауылдық елді мекеннің 135-і жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен, 62-сі 2G, 170-і 3G төмен жылдамдықты интернетпен қамтылған. 2022 жылғы жоспар бойынша жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен 163 елді мекен қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі таңда, «Кар-Тел» ЖШС жалпы 60 елді мекеннің 38-інде 4G-мен қамту жұмыстары аяқталды. Жоспардан тыс, Байзақ ауданы Ақжар ауылын, Жуалы ауданы Кәріқорған ауылын және Қаратау қаласының бір бөлігін 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етті. 22 елді мекеннің 11-де 3G-мен қамту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Кселл» АҚ-мен жалпы жоспарланған елді мекен саны – 27. Оның ішінде, 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етуге жоспарлаған 16 елді мекеннің барлығында жұмыстарды аяқтады. Ал, 3G мобильді байланысымен қамтамасыз етуге жалпы жоспарлаған 11 елді мекеннің 7-де жұмыстарды аяқтады, — деді Ерболат Ибрайханов.
Облыс әкімі елді мекендерді жоғары жылдамдық интернетпен және ұялы байлананыспен қамту жұмыстарын мүмкіндігінше жылдамдату қажеттігін баса айтты. Ауылдардағы мектептердің толығымен жоғары жылдамдықты интернетке қосылуының маңыздылығын да айрықша атап өтті.
Жиында «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен серпіліс» Ұлттық жобасындағы 12 көрсеткіштің іске асу барысы да қаралды. Бүгінде 7 индикатор орындалса, 5 индикатор бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Аймақ басшысы тиісті тұлғалардан жеке-жеке жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі