Жамбыл облысында 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша экономикалық өсім 11,4 пайызды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі кеңейтілген мәжілісте айтылды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, есепті кезеңде экономиканың негізгі салаларында оң динамика қалыптасты.
Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 103,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,1 пайызға өсті. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі үлесі 66,1 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 729,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Саладағы өсім 26,1 пайызды құрады.
Ауыл шаруашылығында 466,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 4,9 пайызға артты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі 286,2 млрд теңгеге жетіп, 7,1 пайызға өсті. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 654,9 мың гектар алқапқа орналастырылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,3 пайызға жоғары.