ШИКІЗАТ ШЫҒАРАТЫН ФАБРИКА ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

0

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өнеркәсіп саласындағы жүйе құраушы кәсіпорындардың бірі, бүгінде 650 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 15 млн. дана бірреттік медициналық бұйымдар шығаратын еліміздегі алғашқы «Super Pharm» фармацевтикалық зауытының қасынан салынған «Ерсат-2021» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тоқылмалы маталар фабрикасының ашылу салтанатына қатысып, кәсіпорынның мүмкіншілігімен танысты.
Жұмысын 2011 жылы 15 түрлі медициналық бұйымдарды өндіруден бастаған зауыт бүгінде 400-ге жуық фармацевтикалық заттарды өзімізге де, көршілес мемлекеттерге де экспорттап отыр.
«Super Pharm» зауытында тоқылмаған материалдан жасалған бірреттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар: қайшы, пышақтар жиынтығы өндіріледі. Зауыт бүгінгі күнге дейін қажетті өнімді өндіру үшін шикізатты Қытай мемлекетінен экспорттап жүрген болатын. Енді шикізатты зауыт аумағындағы фабрика қамтамасыз ететін болады. Фабриканың негізгі қызметі медицинада, ауыл шаруашылығында, құрылыста және жол құрылысында қолданылатын тоқыма емес материал өндіру болып табылады. Өндірілген өнімнің өзіндік құны шетелдік жеткізушілер ұсынған бағадан бірнеше есе төмен.
Тоқылмаған матаны өндіруге тұтынылатын шикізат мұнай қалдықтары болып табылады, компания оны отандық мұнай өңдеу зауыттарынан сатып алады. Тәулік бойы жүк тиейтін зауыттың өндірістік қуаттылығы айына 920 тонна дайын өнімді құрайды, бұл өз кезегінде Айша бибі ауылының жергілікті тұрғындарын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.
– Шетелдік жеткізушілерден тоқыма емес материал өндіруде еліміздің шикізаттық тәуелсіздігін қамтамасыз ету керек, өйткені қазіргі уақытта мемлекетімізде тоқыма емес материал импорты жүзеге асырылуда. Олар Қытай, Ресей мемлекеттері арқылы шығарылады. Бүгінгі таңда «Ерсат-2021» ЖШС Қазақстан Республикасындағы теңдесі жоқ жалғыз тоқылмалы зауыт болып табылады. Зауыттың іске қосылуы Қазақстан мен Орталық Азиядағы тоқыма емес материалды пайдаланатын барлық кәсіпорындарды толық қамтамасыз етеді. Өндірілген өнімнің өзіндік құны шетелдік жеткізушілер ұсынған бағадан бірнеше есе төмен болады. Тоқылмаған матаны өндіруге тұтынылатын шикізат мұнай қалдықтары болып табылады, компания оны отандық мұнай өңдеу зауыттарынан сатып алады, – дейді «Super Pharm» фармацевтикалық зауытының директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.