ХАҚ ДІН ҚАЗАҚ ТОПЫРАҒЫНА ҚАЛАЙ ТАРАДЫ?

0

751 жылы Талас өзені бойындағы Атлах шайқасында Қытай басқыншыларына қарсы соғыста түркештерге арабтар көмек қолын созып, нәтижесінде араб-түркеш біріккен қосыны жеңіске жетті. Тарихи деректерде осы Атлах шайқасынан соң түркілердің біртіндеп ислам дінін қабылдай бастағаны айтылады (В.Бартольд, «Туркестан в эпоху монгольского нашествия»). Демек, келер 2021 жылы бабаларымыздың хақ дінді қабылдай бастағанына 1270 жыл толады. Төл тарихымызда маңызды орны бар осы күнді лайықты атап өтіп, ауқымды іс-шаралар өткізудің маңызы үлкен. Бұл тарихымызды танып, дінімізді зерделеп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін аса қажетті қадам. Сол себепті осы мақаламда ислам дінінің Орталық Азияға қалай тарағаны, бабаларымыздың Имам Ағзам жолын неге таңдағаны, Қарахан мен Алтын Орда мемлекет-тері тұсында хақ діннің өркендегені, Қожа Ахмет Ясауи мектебінің қалай тамыр жайғанына аз-кем тоқтал-мақпын.

ӘБУ ХАНИФА МӘЗҺАБЫНЫҢ
ТАРАЛУЫ

Алғашқы кезде кейбір түркі халықтарының исламды қабылдағаннан кейінгі құрған мемлекеттері араб дәстүріне сай құрылды. Мәселен, Мысыр, Шам, Иран топырақтарында құрылған Толуни (874-905, Сажи (890-929), Ихшид (935-969) мемлекеттерін құрушылардың заузаты түркі болғанымен, мемлекет механизмі толығымен араб дәстүріне негізделді. Түркілердің кейінгі құрған мемлекеттері парсы дәстүріне сай құрыл-ды. Олар Қорасан, Сижистан, Мәураннахр аймақтарында құ¬рылған Самани (874-1005), Ғазнауи (962-1186), Тахири (821-873), Мәмуни (995-1017), Алтунташ (1017-1041), Ғұри (1100-1215) секілді мемлекеттер еді. Бұл мемлекеттерді де түркілер құрғанымен, жо¬ғары саяси ұйымдардың сипатта¬ма-сы парсы мүддесі мен дәстүріне сай өрілді. Аталған мемлекеттердің тұсында парсы тілі мен парсы мәдениеті дәуірледі. Са-мани және Ғазнауи кезеңінде ислам діні Мәураннахрға Әбу Ханифа мәзһабы арқылы тарай бастады. Әсіресе, Бұқара мен Самарқандағы Ханафи бағытында құрылған Журжания, Садр, Йадия медреселерінің түлектері аймақта осы мәзһабтың доминант болуына ықпал етті. Кейін бұл үрдіс Қарахан дәуірінде де жалғасын тапты. Тарихи деректерде Орталық Азияға алғашқыда Қайсания-Мубайди, Карматия, Исмайлия, Захири-Хашауия (әһли хадис өкілдері), Муғтазила, Шафиғия мәзһабы өкілдерінің дін таратқаны айтылады. Алайда соңында Мәураннахр тұрғындарының таңдауы Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақида мектебіне түсті. Оған бірнеше бірнеше фактор әсер етті.
Біріншіден, мұсылман қоғамында VIII ғасырда араб ұлтшылдығы белең алған шақта мәуали ғұламалар шетқақпай көргені белгілі. Ал Аббаси билігі тұсында керісінше мәуали ғұламалар мемлекет қолдауына ие болды. Имам Ағзам Әбу Ханифаның шыққан тегі парсы болғандықтан, оның мәзһабы парсылар және олар-мен қоңсы отырған соғды және түркі халықтары арасына кеңінен тарады.
Екіншіден, Аббаси халифалары Махди (775-785) және Харун-Рашид билік құрған (786-809) жылдары Әбу Ханифаның бел шәкірті Әбу Юсуф (731-798) Бағдаттың бас қазысы етіп тағайындады. Әбу Юсуфтен кейінгі Бағдаттың қазысы болған Әсад ибн Амр Куфий (798-805) де Имам Ағзам Әбу Ханифаның шәкірті еді. Аб-баси халифалары ұзын ырғасы Имам Ағзамның 14 шәкіртін қазылық қызметке тағайындады. Халифа Ха-рун-Рашид Имам Ағзамның тағы бір шәкірті Мұхаммед Хасан аш-Шайбаниді (749-805) де Қорасандағы Рай қаласына қазы етіп тағайындады. Мұхаммед Хасан аш-Шайбанидің Қорасанға келіп, осында шәкірттер тәрбиелеуі, Ханафи мәзһабының Орталық Азияға таралуына септігін тигізді. Айталық, оның шәкірттері Әбу Сүлеймен Жузжаний (815 дүние салды) мен Әбу Хафс Кабир (767-831) Ханафи мәзһабын Мәурен-нахрға таратты.
Үшіншіден, Ханафи мәзһабының отбасы (ахуал-шахсия) және сауда-саттық (муаламат) саласындағы үкімдері өзге мәзһабтар үкіміне қарағанда қалың бұқара үшін қолайлы еді. Жалпы, Ханафи мәзһабының қоғамдық қарым-қатынасты реттеу үкімдері басқа мәзһаб үкімдерімен салыстырғанда, бұқара халыққа тиімділігімен ерекшеленеді. Әрбір мәселенің шешімі Құран мен сүннетте кездеспесе, Ханафи ғұламалары қияс (аналогия) әдісімен үкім шығарады. Әсілі Рай құқықтық мектебі әрбір істі мейлінше антропоцентристік (қоғам мүддесі) тұрғыда оң реттеуге тырысады. Осы себептен де Ханафи мәзһабында бір мәселе бойынша екі қияс үкімін шығару мүмкіндігі туған сәтте истихсанмен (жеңілі немесе қолайлысы) үкім шығару методоло-гиясы қалыптасқан. Бұл қолайлы құқықтық әдіснама да өз кезегінде халықтың Ханафи мәзһабына деген ықыласын арттыра түсті.
Төртіншіден, Әбу Ханифа мәзһабы әрбір ұлттың исламға дейінгі мәдениетінің сақталуына мүмкіндік берді. Құран мен сүннетке қайшы емес ғұрыптарды фақиһтер теріске шығармады. Егер бір мәселеге қаты-сты Құран мен сүннетте нақты үкім болмай, оны шешудің дұрыс жолы әдет-ғұрыпта бар болса, ол үкім ретінде қабылданды. Оны «сахих әдет-ғұрып» деп атады. Осының не¬гізінде ислам дінін қабылдаған ұлт-тар өз¬дерінің ізгі әдет-ғұрыптарын сақтап қана қоймай, оны жан-жақты дамытуға мүмкіндік алды.
Бесіншіден, Орталық Азияда ис¬лам дінінің сүнниттік доктринасының орнығуына еңбек сіңірген даңқты мутәкаллим Әбу Мансұр әл-Матуриди еді. Мәураннахрда фиқһ алаңында Ханафи мәзһабының үстемдік орнатуына орай кәлам тақырыбында Матуриди мектебі салтанат құрды. Себебі Әбу Ханифаның кәламдық көзқарастарын Имам Матуриди жеке пән ретінде бөліп қарастырып, жұртшылыққа терең талдап түсіндірді (Захид әл-Кәусари, «Ишаратул-Мәрам»). Оның «Китабут-Таухид» және «Тәуилат-ул-Құран» шығармала-рында Құран мен сүннеттегі кәлам тақырыбы Имам Ағзам негізін салған «Рай» әдіснамасы бойынша тал-данды. Діндегі сенім негіздерінің ақылға қонымды етіп түсіндірілуі Матуриди ақида мектебінің Маураннахр-да дамуына жол ашты.

ТҮРКІСТАН ДІНИ МЕКТЕБІ

ХІ-ХІІ ғасырларда Ислам халифатының саяси қуаты кеміп, дін насихатын күшпен жүргізу мүмкін емес жағдай орнады. Осы тұста Орталық Азияда Түркістан діни мектебінің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи және оның ізбасарлары Дешті Қыпшақ халқының ислам дінін қа¬былдауына ерекше еңбек сіңірді.
Түркістан діни мектебінің не¬гі¬зін салушы Құл Қожа Ахмет Ясауи көне Исфиджаф қаласында ХІ ғасырдың екінші жартысында софы Ибраһим шайхы мен Қарашаш ананың шаңырағында дүниеге келді (Фуат Көпірұлы, «Түркі әдебиетіндегі алғашқы сопы-ақындар», 31-34 беттер). Фуат Көпірұлы ортағасырлық тарихи деректерге сүйене келе, Қожа Ахмет Ясауидің қолөнермен шұғылданған сопы екенін, дүние ісіне көп мән бермейтін, бойына ке¬ремет дарыған тақуа адам болғанын айтады. Дүниенің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар Қожа Ахмет Ясауимен сөз таластырып, жеңілгенін, оның діни көзқарасына қарсы болған жергілікті тұрғын¬дардың оны арандатпақ болғанын, бірақ әулиелігінің арқасында өзіне төнген қауіптің ал-дын алып отырғанын жеткізеді. Бұл деректер оның «Диуани хикметінде» де баяндалады. Айталық, Қорасан ғұламасы Баба Машын Қожа Ахмет Ясауимен пікір таластырып, оның хикмет іліміне бас ұрған еді.
Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген ХІІ-ХІІІ ғасырларда Түркістан ислам әлемінің солтүстік шекарасы санала-тын. Исламның алғашқы дәуірлерінде дінді тарату фатх жорықтары арқылы жүргізіліп, шекара аймақтар «рибат» (кәпірлермен соғысқан кездегі аттың қазығы қағылған жер) деп аталатын. Ал Ясауи дәуірінде ри-баттар нәпсі тәрбиесімен айналысатын діни тәлім-тәрбие беретін ошақтарына айналды. Со¬пылық ілімде топырақты күшпен жаулап алу оңай, ал адамның рухы мен болмысы жаулануы қиын қамал болып есеп-телінеді (Д.Кенжетай, «Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы», 113-бет). Осы тұста сопылар хақ дінді этикалық және моральдық құндылықтар арқылы насихаттауды жүзеге асырды. Оның бұл ұстанымы Құран Кәрімнің: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят), «Егер Жаратушы қалағанда жер бетіндегі адамдардың бәрі иманға келер еді. Олай болса сен адамдардың иманға келуі үшін оларды зорлық жасаймысың» («Юнус» сүресі, 99-аят) деген үкімдеріне негізделген еді.
Қожа Ахмет Ясауидің барынша толерантты болғанына оның өмірінен жарқын мысалдар келтіруге бола-ды. Түркістандағы жергілікті халықтың 20 жыл бойы зорлық-зомбылығына сабыр етіп, баласы Ибраһимді қастандықпен өлтірген адамға мінген атын беріп, қызын ұзатуы, Қожа Ахмет Ясауидың аса төзімді, дегдар жан екенін көрсетеді. Ол бейбіт ұстанымының арқасында көне түркі дәстүрі мен исламды қабыстырды. Сол арқылы діни һәм мәдени қақтығыстар арасынан жол таба алды.
Әл-Хазини өз еңбегінде Қожа Ахмет Ясауидің кемелдікке жетудің мәкан, заман, ихуан, рабт-сұлтан атты төрт қағидасын бекіткенін алға тартады. Мәкан қағидасы бойынша адамның өмір сүретін Отаны және руха-ни сұранысын қанағаттандыратын діни мекені (мешіт, медресе, текке) болуы керек. Заман қағидасы бойын-ша ақиқатты тануға талап білдіруші уақытты тиімді пайдалануы тиіс. Ихуан (бауырластық) қағидасы бойынша ақиқат жолына бетбұрыс жасаған сопы төңірегіндегі адамдарды бауырына баса білуі керек. Рабт-сұлтан қағидасы бойынша салих мұсылман мемлекет басшысына бағынып, оған адал болуы қажет (Әл-Хазини, Жауаһирил-әб¬рар би Әмуажил бихар, 109-112 бет¬тер).
Қожа Ахмет Ясауидің тағы бір ерекше қыры оның шығармашылығының түркі тілінде жазылуы еді. Сол дәуірде ғылым мен әдебиеттің тілі араб пен парсы тілі бола тұра, ол өз еңбектерін түркі тілінде жазды.
Әл-Хазинидің айтуына қарағанда, Қожа Ахмет Ясауидің 99 000 шәкірті болған. Басқа бір аңыз бойынша Ясауидің қасында 12 000 сопының болғаны айтылады. Оның алғашқы халифасы Мансұр ата (1197 жылы қайтыс болды), екінші халифасы Саид ата Хорезми (1218 жы¬лы қайтыс болды), үшінші халифасы атақты Хәкім ата Сүлеймен Бақырғани, төртінші халифасы Мұхаммед Даншмент Зарнұқи болды.
Қожа Ахмет Ясауи негізін салған Түркістан діни мектебін Суксук ата, Тил-ки ата, Исмайыл ата, Садыр ата, Бадыр ата, Зеңгі баба, Ұзын Хасан ата, Шейх Иқани, Құсшы ата, Жүсіп ата, Шопан ата, Қажы Бекташ әулие, Сары Салтұқ, Шайық Лұқпан Перенде, Баба Машын, Әмір Әли Хакім, Хасан Бұлғани, Имам Мерғазы, Шайых Осман Мағрифи секілді хикмет иелері дамытты.
Қожа Ахмет Ясауидің мүридтері ислам дінін Мәураннахр, Шығыс Түркістан, Дешті Қыпшақ, Анатолия, Еділ бұлғарлары арасына таратты. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері Хасан әл-Бұлғари мен Би¬раш ибн Абраш Еділ бойында дін на¬сихатын жасап, халықты хақ дінге шақырады. Олардың ізін басқан Ешмұхаммед ибн Тоқмұхаммед, Идрис ибн Зулмұхаммед, Қасым шайх ибн Ибраһим, Қожа Әмір Калал және тағы басқа сопылар ұзақ жыл бойы Еділ бұлғарлары арасында дін насихатын жүргізді (Мұртаза Бұлұтай, «Мұсылман қазақ еліміз», 83-бет).
Атақты жаһангер Әмір Темір (1370-1405) түркілердің пірі Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің басына аси-тана (тариқатты басқару кешені) тұрғызып, оған уақыфтық құжатпен арнайы мәртебе берді. Көшпелі Өзбек мемлекетінің билеушілері Әбілхайыр хан (1428-1468), Мұхаммед Шайбани хан (1500-1510), сондай-ақ қазақ хандары Қожа Ахмет Ясауиді пір тұтып, Түркістандағы аситанаға берілген рухани мәртебеге ерекше құр-метпен қарады. Тіпті, Еңсегей бойлы Ер Есім хан 1598 жылы Түркістанды Қазақ хандығының ордасы етіп бекітті. Құл Қожа Ахмет Ясауидің аситанасы қазақ хандарының резиденциясы ғана емес, халқымыздың айтулы хан-сұлтандары, би-шешендері, батырлары мен жырауларының дамыл тапқан мәңгілік мекеніне (пантеон) айналды. Осыдан кейін Алаш баласы Әзірет Сұлтанның құрметіне мемлекет орталығын (бұрын «орда» деп келген) «Астана» деп атай бастады. Осылайша, қасиетті Түркістан қаласы қазақтың рухани шамшырағына айналған болатын.
Түркістан қаласының тарихтағы орны мен рөлі туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Көшпелі жұрттың мұсылмандануына, халқымыздың ислам дінін қабылдауына Түркістанның ерекше ықпалы тиді. Орталық Азия мен Дешті Қыпшаққа ислам әлемін таратқан көптеген әйгілі ғұламалар осы жерден шықты. Қала екі ғасыр бойы Қазақ хандығының бас ордасы болды. Көптеген маңызды шешімдер дәл осында қабылданып отырды» деген болатын. Иә, халқымыздың хақ дінді қабылдауына ерекше ықпал еткен, төл тарихымыздың бастауы, асыл дініміздің шамшырағы болған Түркістан мектебі әлі талай тұшымды зерттеуді қажет ететіні сөзсіз.

Наурызбай қажы Тағанұлы,
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти

Leave A Reply

Your email address will not be published.