Газетіміздің алдыңғы сандарында биыл ауданымызда мәденит ошақтарын салу және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарқын алғаны туралы жазған болатынбыз. Солардың ішінде ұзақ жылдан бері жөндеу болмай, ауыл тұрғындары тарапынан үнемі айтылып келген мәдениет үйлері туралы жазуды жөн көрдік.
Ұзақ жыл апатты күйде болып, күрделі жөндеу бойынша өз кезегін күткен Сұлутөр ауылдық мәдениет үйіне биыл жан бітті. Таулы аймақ тұрғындарымен аудан басшылығының кездесулері мен қабылдауларында осы мәдениет ошағын жөндеу немесе жаңасын салу бойынша мәселе үнемі көтеріліп жүрген болатын. Әр жылдары қаржының ыңғайы келмей, кейінгі жылдарға ысырыла берген ауылдық мәдениет үйіне биыл қажетті қаржысы бөлініп, толықтай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 180 орындық нысанды күрделі жөндеуге бюджеттен 82 миллион теңге бөлініп, «Сервис Центр 2007» ЖШС жұмысты қолға алған болатын. Ғимараттың шатыры ауыстырылып, еден, есік-терезелері, жылу жүйелері толығымен жаңартылды. Және ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп, тіпті сейсмикалық тұрғыдан нығайту істері де атқарылып шыққан. Бұл ауыл тұрғындары үшін тамаша сый болып отыр. Ендігі кезекте мәдениет ошағының залын ретке келтіру, жылыту жүйесін қосу жұмыстары жүрмек. Осының барлығы ойдағыдай атқарылып шыққан соң ауыл халқы өз мәдениет ошақтарында түрлі концерттерді тамашалап, мәдени шаралар ұйымдастырып, балаларға түрлі үйірмелерге қатысуға барлық жағдай туындайтын болады.
Биыл жағымды жаңалығы басым Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылындағы 100 орындық клубтың жайымен талай сол ауылға жұмыспен сапарлатқан аудандық газет тілшілері жақсы таныс еді. Шалғай ауыл тұрғындары үлкенді-кішілі жиындарда осы жайды үнемі көтеріп отыратын. Биыл Еңбек ауылы тұрғындарының еңбегі жанды деуге болады. Бюджеттен бөлінген қомақты қаржыға «Сервис Центр 2007» ЖШС ауыл клубының шатыры мен едендерін ауыстырып, терезелерін жаңартып, іші-сыртын әрлеп, сейсмикалық нығайту жұмыстарын атқарып шыққан. Төбесі опырылып, құлауға шақ тұрған клубтың келбеті қазір жаңара, жасара түскен. Енді онда түрлі үйірмелер ашуға үлкен сеп болып отыр. Әсіресе жастары спортқа құмар Еңбек ауылы үшін бұл биылғы жылы жасалып отырған тамаша мүмкіндік.
Ж.ОМАРОВ