МӘМС жүйесін енгізу балалар денсаулығы профилактикасына және оларды емдеуге көбірек қаражат бөлуге мүмкіндік берді. Бір бала үшін жұмсалатын денсаулық сақтау жүйесінің шығындары 22 %-ға өсті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында балаларға медициналық көмекке қанша қаражат жұмсалғаны туралы есеп берілді.
Өздеріңіз білетіндей, 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазақстандық балалар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылғанын еске салды. Олар үшін жарналарды ЖСН алған сәттен бастап кәмелетке толғанға дейін мемлекет төлейді. Бұл балаларға ТМККК аясында ғана емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіретін медициналық көмекті де алуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында хабарлағандай, емханаларға тіркелген балалар саны жыл сайын артып келеді. 2020 жылы туғаннан бастап 17 жасқа дейінгі 6 млн 290 мыңға жуық, 2021 жылы 6 млн 467 мыңнан астам, ал 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 6 млн 568 мыңнан астам бала тіркелген.
«Өткен жылы балаларға ТМККК және МӘМС аясында жалпы 350 млрд теңгеге медициналық көмек көрсетілді. Биыл 33 %-ға өсім күтілуде. 2022 жылдың 9 айында 324 млрд теңгеге медициналық қызметтер көрсетілді», – деп Қорда атап өтті.
Шығыстардың негізгі үлесін амбулаториялық-емханалық көмек (53%) құрайды. Ағымдағы жылдың 9 айында оған 232 млрд теңге жұмсалды.
Осы кезеңде балалар тәулік бойғы стационарларда 300 мың жағдайда 70 млрд теңгеге жуық, күндізгі стационарларда 39 мың жағдайда 3 млрд теңгеге жуық қаражатқа емделді. Бұдан басқа, ауылдық стационарларда 15 млрд теңгеден астам сомаға 120 мыңға жуық бала ем алды. 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша балаларға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге 768 жағдай бойынша шамамен 3,4 млрд теңге бөлінді.
МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық оңалту сынды маңызды бағыт қарқынды дамып келеді. Балалар көрсеткіштері бойынша оңалтуға тегін жіберіледі. Аталған кезеңде тәулік бойғы және күндізгі стационарлар жағдайында 70 мыңға жуық бала 12,6 млрд теңгеден астам қаражатқа емделді.
Сондай-ақ аурулардың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Аталған кезеңде балаларды профилактикалық тексеруге шамамен 30 млрд теңге бағытталды. 9 айдың қорытындысы бойынша мектеп медицинасы қызметтері үшін 20 млрд теңге төленді. 9 айдың қорытындысы бойынша күндізгі стационар жағдайында бағдарламалық гемодиализ қызметтері 13 млрд теңгеден астам сомаға көрсетілді. Балаларды амбулаториялық дәрі дәрмекпен қамтамасыз етуге 5 млрд теңге бөлінді.
«МӘМС жүйесі халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін стоматологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік беретіні белгілі. Талдау көрсеткендей, МӘМС бойынша стоматологиялық көмектің негізгі тұтынушылары балалар болып табылады. 2022 жылдың 9 айында 25,1 млрд теңгеге 8,8 млн-ға жуық стоматологиялық қызмет көрсетілді», – деп мәлімдеді Қор өкілдері.
Жалпы алғанда, 1 балаға арналған шығыстар 2021 жылғы 54,1 мың теңгеден 2022 жылы 65,8 мың теңгеге дейін ұлғайды.
Егер сізде медициналық қызмет көрсету бойынша сұрақтар туындаса, оларды өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау» қызметіне хабарласып, қоя аласыз. Егер ол жерде мардымды жауап ала алмасаңыз, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы өтініш жібере аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.
Дәл осы құралдар сақтандыру мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүргізілген төлемдер туралы ҚР электрондық үкіметінің egov.kz сайтында, «Денсаулық сақтау» бөлімінде, «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-те аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ
Жамбыл облысы
бойынша филиалы