ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚПЕН КҮРЕС – ОРТАҚ МІНДЕТ

0

Бейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы мен аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында дөңгелек үстел өтті. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайдың төрағалығымен өткен жиынға аудандық аналар кеңесінің төрайымы М.Молдабекова, аудандық дағдарыс орталығының мамандары, мешіт имамдары, ауылдық округтердегі әйелдер кеңестерінің төрайымдары және жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Ш.Бейсенбаева «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясының мақсаты мен акция аясында өткізіліп жатқан іс-шараларға тоқталды. Сондай-ақ, жиынға қатысушыларға қоғам дертіне айналып бара жатқан отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесімен бірге күресіп, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Мекеме директорының есебіне сәйкес, аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына жыл басынан 65 қызмет алушы, оның ішінде 22 әйел, 43 кәмелеттік жасқа толмаған балалар қабылданған. 12 әйел жолдастарымен табысып, отбасыларына қайта оралған. Орталық мамандары қызмет алушылардың қажетті құжаттарын рәсімдеуге, балаларын балабақша, мектепке орналастыруға, қайырымдылық қорлары арқылы баспаналы болуларына ықпал етіп, жалпы 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді.
Дамира Маратқызы Қордай ауданында екі жыл бұрын ашылған дағдарыс орталығының жұмысына оң бағасын беріп, дөңгелек үстелді қорытындылады.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.