ҰЛТ САУЛЫҒЫ – ҰЛЫ БАЙЛЫҚ

0

Парламент Сенатында «Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі» тақырыбына арналған үкімет сағаты өтті. Отырыс Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында қолға алынған.
Палата Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина әр азаматқа денсаулық сақтау құқығын іске асыруға мүмкіндік беретін жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдығы екенін атап өтті. Саладағы проблемалар өзекті болып қала беретіні және оған сенаторлар өңірлерге сапарлары барысында бірнеше рет көз жеткізгені айтылды. Ольга Перепечина Мемлекет басшысы ұлт денсаулығын қамтамасыз етудің басты шарты ретінде қоғамның үйлесімді дамуы екенін айтқанын еске салды.
«Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыс атқарылғанына қарамастан, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асырудың екінші жылы өтіп жатса да қабылданып жатқан шаралар мен бөлінген қаржы, денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалар, өкінішке қарай, әлі де өткір қалпында қалып отыр. Ол – емханалардағы кезектер, сирек сала мамандарының тапшылығы, ағымдағы тарифтер нақты шығындарды жабуға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты медициналық ұйымдарда, әсіресе, ауылдық жерлерде бюджет тапшылығы мен несие берешегі өсіп барады, кірікпеген ақпарат жүйесі жұмысының қиындығы шешілген жоқ, ол көрсетілетін қызметтердің сапасына, шығындардың ашықтығы мен тиімділігіне кері әсер етеді», деді Ольга Перепечина.
Сенатор Ақмарал Әлназарова да саладағы жағдайдың көңілден шықпай тұрғанын айтып, денсаулық сақтау саласындағы нақты проблемаларға Үкіметтің назарын аударды. Сенатордың айтуынша, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданған Орнықты дамудың жаһандық 17 мақсатына қол жеткізу жөніндегі міндеттеме алған. Қазақстан Орнықты даму саласындағы күн тәртібі қабылданған сәттен бастап оны іске асыруда нақты нәтижеге қол жеткізді, алайда денсаулық сақтау саласындағы мақсаттар көрсеткішінің жартысына – 14-тің 7-еуіне қол жеткен жоқ. Елімізде шешілмеген проблемалар бар, атап айтқанда, сақтандырылмаған халық медициналық қызметтерге әлі де қол жеткізе алмай отыр. Сонымен қатар сақтандырылғандар да медициналық қызметтердің тиісті көлемін ала алмайды. Елімізде ауруларды ерте білуге арналған скринингтер сапасының төмендігі, сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сапасында проблемалар әлі жойылған жоқ.
«Сенатты ана мен бала өлімінің жоғары деңгейі де алаңдатып отыр. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген сәттен бастап сақтандыру жүйесіне енбеген репродуктивті жастағы әйелдерге жүктілікке жоспарлы түрде дайындық пен медициналық емделу шаралары қолжетімсіз болып қалды. Жүктіліктің 10-шы аптасынан кейін ғана әйел мемлекет тарапынан жеңілдік санатындағы азаматтарының қатарына қосылып, сақтандырылған мәртебеге ие болады. Еліміздегі ана өлімі жөніндегі ауыр жағдайды ескерсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде репродуктивті жастағы әйелдерге көрсетілетін медициналық қызмет көлемдерін қайта қарау қажет екені сөзсіз. Шыны керек, әр әйел, яғни болашақ ананың өз қаражатынан емделуге мүмкіндігі бар деп айтуға келмейді», деді сенатор Ақмарал Әлназарова.
Үкімет сағаты барысында республиканың Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният талқыланған мәселеге қатысты жан-жақты баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, өткен жылға қарағанда биыл халықтың жалпы өлім-жітімі 28 пайызға төмендеген.
«Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткішінің шамамен 32, обырдан – 9, жарақаттан – 4, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім-жітім – 33, туберкулезден болатын өлім-жітімнің 17 пайызға төмендегені байқалады. Биыл ана өлім-жітімі 3,5 есеге төмендеді. Нәресте өлім-жітімінің абсолюттік саны 200-ден астам балаға төмендеп отыр. Жалпы, зерттеудің арқасында аурушаңдықтың алдын алу және ковидтің салдарын жою жүргізіліп жатыр», деді А.Ғиният.
Министрдің айтуынша, алғашқы медициналық көмек саласында емханалардың аздығы, материалдық-техникалық жарақтандырудың әлсіздігі, ғимараттардың қатты тозуы және кадрлардың жетіспеуі үлкен мәселе туындап отыр.
«Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін барынша мобильділік пен халықтың кең ауқымына қолжетімділік жағына қарай жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіттік және іске асырып жатырмыз. Қазіргі уақытта елде 5 мыңнан астам медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымы жұмыс істейді. 2021 жылы қосымша 30 медициналық объекті пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 92 объектіні ашу жоспарланған. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарының кадрлық әлеуеті шамамен 90 мың медицина қызметкер. Қазіргі уақытта бір жалпы практика дәрігеріне жүктеме орташа есеппен 1 830 адамды құрайды», деді А.Ғиният.
Ведомство басшысы ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау саласына ерекше тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, пандемия кезіндегі шектеу шараларына байланысты ауыл мен қала халқының арасында медициналық көмек көрсету айырмашылығы бар. Бүгінде ауылдарда халықты ерте диагностикалау және консультациялық-диагностикалық қызметтерге қолы жетпейді. Осыған байланысты, биыл ауыл тұрғындары үшін профилактикалық қарап-тексерулер енгізілді.
«Бұрын скринингтерде тек жүрек-қан тамырлары аурулары, глаукома, қант диабеті, онкологиялық аурулар, мінез-құлықтық қауіп факторлары сияқты бес нозологияны анықтайтын едік. Биыл ауыл тұрғындары денсаулығының талдауын ескере отырып, зерттеп-қарау тізбесін кеңейттік. Асқазан-ішек жолдарының, несеп шығару жүйесінің, егде жас тобындағы адамдардың тыныс алу ағзаларының ауруларын және қуық асты безінің обырын ерте анықтау бойынша профилактикалық қарап-тексерулер іске асырылады. Сондай-ақ 18 бен 29 жас аралығындағы жастар зерттеп-қараумен қамтылды», деді министр.
А.Ғинияттың келтірген деректеріне сай, ауылдарда медициналық ұйымдардың базасында 72 дәріхана пункті және 161 жеке дәріхана ашылған. Сондай-ақ биыл «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» 2 медициналық пойызының жұмысы қайта жанданды. 2021 жылы санитарлық авиация 2500-ден астам мәрте қызмет көрсеткен.
«Ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғындарына медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі қайта қаралды. Осылайша, 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер ғимаратсыз жүзеге асырады. Ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайып, фельдшер-акушерлік пункттер ашылып жатыр. Сондай-ақ аудандық ауруханаларды заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен қамтамасыз ету жүргізіледі. Медициналық техникамен жарақтандыру деңгейі 84 пайызға дейін жеткізілді», деді А.Ғиният.
Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрі ана мен бала денсаулығын сақтауға қатысты деректермен бөлісті. Мәселен, биыл балалар мен жүкті әйелдерді, оның ішінде қауіп тобындағы балаларды зерттеп-қарау және оларға консультация беру үшін пренаталдық ультрадыбыстық скрининг жүргізуді ұйымдастырудың жаңа стандарты бекітілген екен. 18 ұрық сақтау орталығы ұйымдастырылған. Сондай-ақ дамуында кемістігі және олардың туындау қаупі бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған 2 ерте араласу орталығы ашылған. 2023 жылдың соңына дейін 10 мыңнан астам баланы қамтитын 13 орталық ашу жоспарланып отыр.
«Жүргізіліп жатқан профилактикалық зерттеулердің ағымдағы көлемін ескере отырып, балалар популяциясын профилактикалық қарап-тексеру пакеттері кеңейтілді. Медициналық оңалтуды қаржыландыру 2019 жылмен салыстырғанда 7 есеге, оның ішінде балалар үшін 27 пайызға ұлғайды. 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Оған 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Бағдарламаны іске асыру барысында 3 мыңнан астам әйел жүкті болып, көптен күткен 2 мың 431 бала туды. Жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 11 заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарланған», деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуында, кадр мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өйткені елде маман жетіспейді. 2021 жылы 3050 жас түлек жұмысқа орналастыруға жіберілді, оның 630-ы ауылды елді мекендерде. Ал биыл 1872 жас түлектің 444-і ауылдарға жіберілді.
«2023 жылы жоспарланған оқу бітіретін түлек 11 мыңнан асады. 2022 жылы жалақы келесідей ұлғайды. Дәрігерлерге орташа есеппен – 30, орташа медицина персоналына 20 пайызға өсті. Ал 2023 жылы дәрігерлерге жалақыны орта есеппен 531 мың теңгеге дейін, орта медицина персоналына 250 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланды. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін және медицина қызметкерлерінің мәртебесін сақтандыру жүйесін енгізуді қамтамасыз ету үшін тиісті заң жобасы әзірленді. Құжат қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатыр», деді А.Ғиният.
Сондай-ақ үкімет сағатында «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пя баяндама жасады. Мәселелерді талқылауға сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары, денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз мамандар және Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері қатысты.
Үкімет сағаты барысында денсаулық сақтау саласындағы проблемалардың шешілуі өңірлерді одан әрі дамытуда маңызы зор екені атап өтілді. Сондықтан еліміз өңірлерінің атынан сайланған Палата ретінде Сенат денсаулық сақтау жүйесінде бар мәселелерді шешуге әрқашан атсалысатын болады. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленеді.
Абай ОТАР

Leave A Reply

Your email address will not be published.