Бейсенбі күні аудан әкімі Мәден Мұсаев жылдағы дәстүр бойынша желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесті. 1986 жылы Алматының орталық алаңына әділдік сұрап барған жастардың жалыны әлі күнге сөнген жоқ. Бүгінде ел ағаларына айналып отырған жандар қоғамның әр саласында ерен еңбегімен еленіп жүр.
Басқосуда аудан басшысы тәуелсіздікке жету жолындағы Желтоқсан оқиғасының маңызы жайында сөз қозғады.
— Еліміз бүгінгі таңда Жаңа әрі Әділетті Қазақстан құру жолында әлеуметтік-саяси реформаларды жүзеге асырып жатыр. Сол реформалардың бел ортасында Желтоқсан оқиғасының қаһармандары да жүр десек, артық айтпаймыз. Себебі Желтоқсан қаһармандары еліміздің түрлі саласында білек сыбана еңбек етуде. Оның бір дәлелі – өздеріңіз!
Бүгінде Сіздер ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Сондықтан да Сіздерге қандай құрмет көрсетсек те жарасымды,- деп атап өтті аудан әкімі.
Өз кезегінде Желтоқсан оқиғасына қатысушылар да сөз алып, ізгі тілектерін білдіріп, аудан басшылығына ықылас танытқандары үшін алғыстарын айтты.
Басқосу соңында аудан әкімі Желтоқсан оқиғасының қатысушыларын марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Аудан әкімінің Алғыс хатымен Мұңайтпас Өркен, Бейсенбаева Мейраш, Алибекова Каухара, Байсуанова Гүлмира, Мәуленова Айкүл, Тұрлымбекова Айкеш, Қаймбаева Күлжайхан, Садырбаев Сарсенғали, Әлімжанова Жанна, Бүйребаев Айтжан ие болды.