БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСПЕН ЖАЙДАРЛЫ СҰХБАТ

0

15 желтоқсан күні №7 Александр Пушкин атындағы орта мектебінде КТК телеарнасының тележүргізушісі, белгілі журналист Әбіқай Гүлмира Болатқызымен «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге қонақ ретінде Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков, Қарасу ауылдық округінің әкімі
Рая Жасыбаева қатысты.

Қазан айында «Туған өлке Bestвидео» байқауы бойынша мектебіміздің 9-сынып оқушылары Жұмаш Саят пен Пархоменко Илья қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кенжебекова Фариданың жетекшілігімен қатысып, аудандық кезеңнен ІІ орынды иеленіп, облысқа жолдама алған болатын. Бұл байқаудың мақсаты Туған өлкеден шыққан үлгі тұтар, мақтан етер, атақты тұлғалардың өмірі, еңбек жолы туралы зерттеу. Саят пен Илья Өтеген ауылынан шыққан журналист Гүлмира Әбіқайдың өмір жолы, қызметі, жеткен жетістіктері, ерен еңбектері туралы зерттеу жүргізді. Журналистің кіндік қаны тамған туған жеріне барып, балалық шағы өткен ыстық ұясында қара шаңырақтың иесі болып отырған бауыры мен жеңгесінен сұхбат алды. Сонымен қатар Қарасу ауылының тұрғыны Гүлмира Әбіқайдың туған әпкесі Динара Әбіқай да оқушыларға сіңлісінің бала кезден ерте хат танып, бес жасынан оқуға деген қызығушылығы ерекше болатындығы, үйдегі барлық кітаптарды, газет-журналдарды, тіпті оларды аяқтап жатса, көрші үйлерден де сұрап оқитындығын айтып өтті. «Білімді тұлға ғана биік шыңдарды бағындыра алады» демекші журналистің осы күнгі бағындырған белестері бала күнгі білімге деген қызығушылығынан бастау алғандай. Сондай-ақ оқушылар журналистің әлеуметтік желілердегі парақшаларына қызмет бойынша салынған барлық еңбектеріне зерттеу жүргізді. Мектеп оқушыларының қызығушылық танытып, зерттеу жүргізгендігіне байланысты журналист Гүлмира Әбіқайдың өзі мектепке келіп, 8-11-сынып оқушылары арасында сұхбат берді.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мектепке келген Гүлмира Әбіқайды қарсы алу барысында алдымен кішігірім іс-шара өткізілді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кулахметова Эльвира мектептің тарихы, жетістіктері, директоры, ұстаздары, оқушылары туралы таныстырып өтті. Ары қарай жалғастырып Кенжебекова Фарида жүргізуімен оқушылар өз тараптарынан сауалдарын қойды. Туған өлкемізден шыққан атақты журналистке бұл салаға келуіне түрткі болған себеп, аталмыш мамандық иесінің бойында болуы тиіс қасиеттер, «Дау-дамайсыз» бағдарламасының мақсаты сынды әртүрлі сұрақтар қойылды. Құрметті қонақ әр сұраққа толығымен, нақты, өзінің басынан өткен жағдайлармен байланыстыра отырып жауап берді. Сонымен қатар оқушылармен мамандық таңдау, көшбасшылықтың қыр-сыры туралы айтып, ой бөлісті.
Бұл кездесу ашық сұрақтар форматында өтіп, оқушыларға ерекше серпін бергені байқалды. Кездесу соңында балалар тарапынан алдағы уақытта осы тәріздес кездесулердің жиі болып тұруы ұсынылды.

Эльвира КУЛАХМЕТОВА, №7 орта мектебінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.