ЖАСТАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕДІ

0

Бейсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен әкімдік жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп, оған кеңес төрайымы Дамира Сүгірбай, «Жастар ресурстық орталығы» КММ
директоры Расул
Беделбаев және түрлі салада қызмет етіп жүрген ауданның белсенді жастары қатысты.

Бегзат Сейсенқұлұлы бұл кездесудің негізгі мақсаты – жастар контингентімен жақынырақ танысып, оларды алаңдатқан мәселелерді талқылап, ұсыныс-пікірлерін тыңдау екендігін жеткізді.
Ең алдымен аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Р.Беделбаев баяндама жасап, Қордай ауданындағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысына, алдағы жоспарларына кеңінен тоқталды. «Жастар жалпы аудан халқының 23% пайызын құрайды. Аудан бойынша 14-29 жас аралығында 33 476 жас бар. Олардың 7315-і аудан орталығында, 26161-і ауылдық елді мекендерде тұрады. Аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, оларды кәсіпкерлікке баулу, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Ауданымызда NEET санатындағы жастардың үлесі 516 жас. Аталған санаттағы жастар жұмыспен қамтудың шараларына және ауылдық округтегі іс-шараларға белсенді түрде тартылуда. 2022 жылдың 12 айы бойынша 736 жас ваканттық тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 142 түлек жас-тар практикасына, 137 жас қоғамдық жұмысқа тартылды. Сондай-ақ, облыста жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Әулиеата жастары» бағдарламасы іске қосылған болатын. Бүгінгі күнге комиссия шешімі бойынша оң нәтиже алған 2 жас жеңілдікпен «Отбасы банк» арқылы үй сатып алды, одан бөлек тағы ауданның 3 жасына үй алуға несие берілу қарастырылуда», -деп нақты цифрлармен мәлімет берген мекеме директоры жастар арасындағы қылмыс, жас отбасылардың ажырасуы сынды өзекті мәселелерді де айналып өтпеді.
Қордайлық жастардың басын қосқан келелі кездесуде түрлі бағыттағы мәселелер сараланып, жиналғандар еркін пікір алмасты. Мәселен, жиын барысында сөз алған аудандық БЖШО бұқаралық бөлімінің меңгерушісі Самал Чалабаева орталықтың қазіргі ғимараты тар екендігін тілге тиек етіп, өскелең ұрпақтың шығармашылықпен айналысуына қолайлы кең ғимарат бой көтерсе деген ұсынысын жеткізді. Ал Мақсат Чарабас есімді азамат 11 жыл медициналық оқу орнында жақ-бет хирургиясы мамандығы бойынша білім алып, бүгінде АОА-да статист болып қызмет етіп жүргенін айта келе, АОА-да жақ-бет хирургиясы бөлімшесі ашылса, өзі секілді жастар мамандығына сай қызмет етер еді деген ұсынысымен бөлісті. Бұдан бөлек, Жамбыл, Степной, Ноғайбай ауылдарының жастары ауылдарына шағын футбол алаңшалары, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуын, үздік спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуына жергілікті биліктің қолдау көрсетуін сұрады. Жиынға қатысушы тағы бір азамат жастардың уақытты тиімді өткізуі, жүзумен кәсіби түрде айналысуы мақсатында санитарлық талапқа сай жүзу бассейні ашылса деген тілегін айтып қалды. Аудан басшысы жастардың бос уақытын тиімді өткізулері үшін бірқатар игі бастамалар қолға алынғанын жеткізді. Оның ішінде алдағы уақытта осы жүзу бассейнін салу, аудан орталығынан кинотеатр ашу, сырғанақ алаңдарын жасау сынды жұмыстар бар. Бүгіннің өзінде Қордай ауылындағы атшабар маңында сырғанақ салынып жатқанын жеткізді аудан басшысы. Бұл кішігірім демалыс орнында отбасымен уақытты қызықты өткізуге барлық жағдай жасалмақ.
Жиын барысында сонымен қатар, ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген жастар су тапшылығына, жер тапшылығына шағымданып, кеңес отырысына қатысқан өзге де азаматтар жастарды жұмыспен, баспанамен қамтуға, кәсіп ашуына жергілікті биліктің қолдауы ауадай қажет екенін жеткізді. Жастардың арасында ономастика бойынша, яғни көнерген көше, ауыл атауларына қазақша атау берсек деген ұсыныс тастағандар да болды. Мәселен, жас депутат Мадияр Қарабаев аудан орталығындағы саябақтардың біріне «Жастар саябағы» атауын берсек деген ойын айтты. Қордайлық жалынды жастардың ұсыныстарына құлақ асқан аудан әкімі әр сұраққа тұшымды жауап беріп, жастардың талап-тілегі ескерілетінін жеткізіп, алдағы уақытта әр сала бойынша бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.