АСЫЛ ДІНІМІЗДЕГІ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

0

Қазіргі заманда адамзат ғылым саласында көптеген жетістіктерге жетті. Алайда, замандастарымыз адамдар арасындағы шынайы, адами қарым-қатынастарды, әсіресе, ата-аналар мен балаларының, ерлі-зайыптылардың арасындағы сыйластықты, құрметті, бір-бірінің алдындағы міндеттерін ескермей, көбінесе, материалдық, әлеуметтік жағдайларының жақсы болуын қоғамның дамуы деп есептейді. Қазіргі таңда материалдық көзқарас үстемділік жасап, негізгі рөл атқарып тұрғанын осыдан-ақ байқауға болады.
Адам баласы әрқашан белгілі бір құндылықтармен, принциптермен өмір сүруге дағдыланған. Егер адам дүниелік құндылықтарды басты орынға қойса, оның адамдармен қарым-қатынасы (тіпті, жақын туысы болса да) дүние, мансап сияқты факторларға негізделеді. Яғни адамдарды адамгершілік қасиеттеріне қарай емес, одан келетін дүниелік пайдаға байланысты құрметтеу орын алады.
Әрине, адам баласының өзіне пайдалы нәрсеге ұмтылуы – дұрыс және заңдылық. Алайда, өзіне не нәрсе пайдалы, не нәрсе зиян екендігінің аражігін дұрыс ажырата білу — адамның өмірдегі ең үлкен жетістігі.
Әрбір адамның қиналғанда жұбаныш табатын, қуанышымен бөлісетін жері – оның жанұясы.
Кімнің де болса сырттан шаршап келгенде барлық мәселелерді есіктің арғы жағында қалдырып, қалған уақытын бала-шағасымен көңілді, тыныш өткізгісі келетіні сөзсіз. Жанұяның кез келген мүшесі шаңырағының биік, тату болғанын қалайды. Ал отбасындағы тынышсыздық, ұрыс-керістер, түсініспеушіліктер сол отбасы мүшелерін бақытсыз сезінулеріне әкеп соғады.
Жер бетіндегі ең көне әлеуметтік институттардың бірі – отбасы. Ол қоғамның ажырамас бөлігі, сондай-ақ, шағын мемлекет. Оның іргесі тек сенімділік пен сүйіспеншілік қаланғанда ғана берік болмақ. Бұл шағын мемлекет өз отбасы мүшелеріне психологиялық және әлеуметтік сенім берумен қатар басқа да мәдени мұраларды келер ұрпаққа жеткізіп отырады.
Осы орайда Ислам құқығы отбасын құрайтын әйел мен еркектің бірге өмір сүруінің әлеуметтік және құқықтық шеңберін белгілеу мен үйлену келісімдері туралы баяндайды. Асылында Ислам құқығы үйлену келісімін құқықтық келісім әрі құлшылық деп қарастырады. Себебі Ислам діні бойынша неке қасиетті болып есептеледі. Ол пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті. «Неке – менің сүннетім! Кім менің сүннетімнен бет бұрса, менен бет бұрған болады» және «Үйленіңдер, көбейіңдер! Қияметте мен сендердің көптігіңізбен мақтанамын»,- деген хадистер бұған дәлел.
Бәрімізге мәлім болғандай үйлену – екі жақтың яғни, қыз бен жігіттің өзара келісіп, өмірді бөлісуі. Ерлі-зайыпты ретінде бірін-бірі қабылдауы және Ислам шариғатына сәйкес бірге өмір сүруге ортақ шешім қабылдауы.
Елімізде жыл сайын тіркелген неке санының артуы қуантарлық жайт болғанымен неке бұзылуының саны да қатарласып артуы қатты қынжылтуда.
«Адал неке», «адал жар» деген қасиетті ұғымдардың мәні мен маңызы жоғалып, жаңадан ғана отбасын құрған жас жұбайлар көп ұзамай өзара келіспей ажырасып жатыр. Негізі ажырасқандар әртүрлі себептерді алға тартып жатады. Солардың ішінде көп кездесетіні өскен ортасы, көзқарасы, қысқасы, әлеуметтік-мәдени жағдайлардың барлығы.
Көп жағдайда ерлі-зайыптылар өздерінің міндеттерін толық орындамауының салдарынан шаңырақтары шайқалып, отбасының ажырасуларына апарып соғып та жатады. Нәтижеде екі жақ жарымжан жанға айналады. Рухы күйзеліп, халдері нашарлайды. Мұның себебі ерлі-зайыптылардың арасындағы түсінбестік, көзқарастарының әрқилылығы, келіннің ата-енесімен сыйыспауы, әлеуметтік жетіспеушілік, қайсы бірінің жаман әдетке үйір болуы секілді т.б.
Сөз түйіні, ажырасу отбасы мүшелерінің барлығына, қала берді оның ішінде, жасөспірім балалардың енді ғана өсіп келе жатқан тұлғалық қасиетіне айтарлықтай зардабын тигізеді. Сондықтан да, отбасында ажырасуды болдырмау, олардың алдын-алу жалпы қоғам алдында тұрған жалпы міндет деп санаймын.

Мухтор САИДОВ, Жамбыл облысы әкімдігі,
«Дін проблемаларын зерттеу орталығының»
Қордай ауданы бойынша бөлімінің
инспекторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.