Білім беру қызметкерлерінің жылдағы дәстүрлі тамыз конференциясы биыл әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн форматта өтті. Аудан орталығындағы Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған конференция жұмысына аудан әкімі Рүстем Дәулет, аудандық мәслихат хатшысы Руслан Нұрсипатов, аудан әкімінің орынбасарлары, білім бөлімінің басшысы мен мектеп директорлары қатысты.
Конференцияда сөз алған Рүстем Рысбайұлы биылғы оқу жылына дайындық барысындағы қол жеткізген жетістіктермен қатар кемшін тұстарды да атап өтіп, оны түзеу бойынша бірқатар ескертулер мен ұсыныстарын жеткізді.
«Тамыз педагогикалық кеңесі әлемдік пандемияға байланысты биылғы жылы «2020-2021 жаңа оқу жылының білім беру жүйесіндегі ерекшеліктер» тақырыбында ерекше форматта өтіп отыр. Мақсат – ел болашағының іргесін қалайтын абзал жандар – ұстаздармен бірге ой-пікірімізді ортаға салу, алда атқарар істерімізді жоспарлап алу. Қордай ауданында бұл саланы дамытуда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, соңғы жылдары ауданда қазіргі заман талабына сай жаңа білім беру нысандары іске қосылып, апатты мектептер, үш ауысымды оқыту жүйесі жойыла бастады. Білім беру жүйесін қаржыландыру саласына биыл 16 млрд 389 млн 844 мың теңге бөлінді, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 есеге артты. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 22 мектептің санитарлық тораптары ғимараттың ішіне ауыстырылып, 4 мектептің қазандығы қатты отынан газға ауыстырылды», — деген Р.Дәулет мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында үстіміздегі жылы мектептерді 100% интерактивті құрылғылармен қамтамасыз ету үшін 90 дана интерактивті панель, 10 дана робототехника сынып жиынтығы және 140 дана ноутбук сатып алынатындығын және мектептерге жиһаз алуға қомақты қаржы бөлінгенін жеткізді. Кеңес барысында аудан әкімі жекелеген мектептердегі сын көтермейтін жайларға да тоқталып өтті.
«Аудандағы барлық білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындық барысын жекелей өзім аралап шықтым. Жалпы, мектептер жаңа оқу жылына дайын, дегенмен бірқатар мектептердің ішкі ақпараттық-көрнекілік жұмыстары мен сыртқы абаттандыру жұмыстарындағы олқылықтарды байқадым. Әсіресе, мектептердегі спорт және акт залдарда безендіру жұмыстарына көңіл бөлу қажет. Қордай ауылындағы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гиназиясы, Отар ауылындағы №43, Қақпатас ауылындағы №30 мектептердің ішкі ақпараттандыру жұмыстарын ерекше атап өтуге болады. Осы тұста білім бөлімінің басшысы Елдос Нұралиев жоғарыдағы аталған мектептердің жұмысын басқа білім беру мекемелеріне үлгі ретінде көрсетіп, тәжірибе алмасатын семинарлар ұйымдастыру қажет. Сіздерге бұл бағытта ұсыныстарымды айтып, нақты тапсырмалар бердім. Орындалуын жекелей өзім қарайтын боламын», — деп сөзін сабақтады аудан басшысы.
Баяндама барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық жайы да сөз болды. Оның алдын алу мәселесі, білім ордаларын бейнекамералармен қамтамасыз ету бойынша да ұсыныстар айтылды, одан кейін жекелей мектеп директорларының жұмысын қатаң сынға алды аудан әкімі. Рүстем Рысбайұлы мектепте ұзақ жыл басшылық еткенімен барлық санат бойынша көрсеткіштері төмен директорлардың жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Бірқатар мектептерде соңғы 5 жылда бірде-бір «Алтын белгі», «Үздік ат-тестат» иегерлері, республикалық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары шықпаған. Аудан әкімі жоғарыда айтылған мәселелер бойынша білім бөлімінің басшысы Елдос Нұралиевке бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Конференцияда аудандық білім бөлімінің басшысы баяндама жасап, өткен жылғы оқу жылында жеткен жетістіктер және биылғы қашықтықтан оқытуға байланысты өзгерістер турасында баяндама жасады. Келесі кезекте №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Суджата Сарғасқаева жарыссөзге шығып, атқарылған және алға қойып отырған жоспарлы жұмыстар турасында баян етті. Осыдан кейін ауданда білім беру ісінде үздіктер қатарында жүретін мектептерге марапаттау жүргізілді. Мәселен, 2019-2020 оқу жылының облыс бойынша қорытындысына сәйкес инновациялық мектептер қатарынан көрінген №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы 1 миллион теңгемен марапатталса, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейіне 200 мың теңге, №43 орта мектепке 150 мың теңге, №33 негізгі мектепке 100 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Сонымен қатар, үздік педагогтар білім және ғылым министрлігінің және аудан басшысының грамоталарымен марапатталса, осымен бірге ауданымыздың ардагер ұстаздары Ф.Байбековаға, А.Тлеубердиеваларға да құрмет көрсетілді.
Конференциядан кейін мектеп ішін аралап көрген аудан әкімі көрнекі ақпараттардың орналасуын бақылап, өзге мектептерге үлгі ету керектігін тағы бір мәрте қадап айтты.