САЛАНЫ ЖАҢҒЫРТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

0

12 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың қатысуымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің 2022 жылғы қызметінің қорытындысы және 2023 жылға арналған міндеттері бойынша алқа отырысы өткізілген болатын.

Отырысқа видеоконференцбайланыс арқылы ауданның әлеуметтік сала қызметкерлері де қатысып, жиын барысында ауданның 15 орындық қарттар мен мүгедектерге арналған «№7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ-нің директоры Айнура Алматаева баяндама жасады. Орталық директоры әлеуметтік салада 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқанын, оның ішінде 5 жыл аталмыш орталықта басшылық қызметте екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде осындай сыйымдылығы шағын орталықтардың тиімді жақтарын атап өтті.
«Біріншіден, адам отбасымен және туыстарымен байланысын жоғалтпайды. Барлық қызметтерді тұрғылықты орнынан алысқа бармай алады, осы қызметтерге мұқтаж азаматтарды қамту саны ұлғаяды. Бұл, өз кезегінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қоғамға бейімделуге жақсы әсер етеді. Екіншіден, қызмет алушылардың саны аз болғандықтан барлық қызметтердің сапасы көтеріледі. Үшіншіден, мемлекет үшін тиімді, өйткені шағын ғимараттарды ұстауға бюджеттен аз қаражат кетеді. Интернатта қызмет алушы тәулік бойы жататын болса, күндізгі бөлімдерде әлеуметтік қызмет алғаннан кейін үйіне қайтатын мүмкіндігі бар.
Жамбыл облысы Қордай ауданында бүгінгі таңда халық саны 158 мыңнан асса, оның ішінде 15 мыңнан астамы қарттар, 5 мыңға жуығы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, оның 714-і балалар. Әрине, аудан көлеміндегі жұмыс жасап жатқан 30 орындық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы мен 15 орындық қарттарға арналған сыйымдылығы шағын үй барлық мәселені шешпейді, бірақ алғашқы оң нәтижесін беруде. Сондықтан, біз балаларға, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға, әсіресе, шалғай ауылдарда тұратындарға арналған сыйымдылығы шағын үйлерді барлық жерлерден ашуды екпінді түрде қолға алу керекпіз деп санаймын. Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе бәсекелестік жағдайында қызмет көрсетуге жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір арттырады. Сонымен қатар, бұл әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына серпін беретіні анық»,-деп баяндама жасаған Айнура Алматаева сөз соңында Министрліктегі әлеуметтік саланы жаңғырту бойынша құрылған 6 жұмыс тобының мүшесі ретінде Әлеуметтік Кодекс жобасы аясындағы өзгерістердің бірі — әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту жұмыстары оң жалғасын табатындығына сенімі мол екенін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.