Жастармен бір толқында

0

Қоғамда «әлеуметтік желі тек жастар отыратын платформа» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Өйткені, бүгінгі таңда жас буынмен қатар жаңа технологияны бес саусағындай игерген қариялар да баршылық. Мәселен, Степной ауылының тұрғыны Арзанкүл Қосаева әлем бойынша 1 млрд. астам адам отыратын «Tik-tok» әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы. 74 жасар әженің 7000-ға жуық оқырманы бар, ал видеолары жарты миллионнан астам қаралым жинаған.
Тиктокта танымал болған қордайлық әже жеке парақшасында пайдалы кеңестермен, ұлттық тағамдарды әзірлеу тәсілдерімен бөлісіп, халқымыздың ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін насихаттап жүр. Арзанкүл апа әлеуметтік желіні қолданудағы мақсатын былай деп түсіндірді: «Біз, алдыңғы буын өкілдері, заман көшінен қалмай, өскелең ұрпақпен бір толқында жүріп, олардың тәрбиесіне, рухани дамуына, тарихы мен ұлттық құндылықтарын ұмытпауына атсалысуымыз қажет. Ал қазіргі жастар бос уақыттарының басым бөлігін тикток желісінде өткізетіндіктен, білгеніммен бөлісу үшін осы платформаны таңдадым», — дейді кейіпкеріміз.
Арзанкүл апаның, әсіресе, халқымыздың ұмыт болып бара жатқан дәстүрлері, наным-сенімдері, жастар біле бермейтін ұлттық тағамдардың жасалу жолдары туралы айтқандары он төрт мыңнан астам лүпіл мен көптеген пікірлер жинаған. Мәселен, қазақтың ұлттық сусыны қымызды дұрыс ашыту жолын, қымыз құятын ыдыс – күбіні ыстаудың тәсілін түсіндірген видеоларына желі қолданушылары «Қолыңыз дерт көрмесін, күбіні осылай ыстауды бірінші рет көруім», «Апа, күшті, білгеніңізбен бөлісіп жатқаныңыз. Әйтпесе, біз түк білмейміз», «Әже, сізге мың алғыс, керемет заттар үйретесіз, көненің көздері аман болсын», — деген оң пікірлерді көзіміз шалды. Ал ең көп қаралым жинаған видеосы – отағасы Сәрсебек Жаханов екеуінің қазақтың мал сою мәдениетіндегі ырымдар мен тыйымдар туралы түсіндіруі. «Малдың санында (жамбасында) үлкен күретамыры болады. Мал сойғанда оны міндетті түрде алып тастау қажет. Ол – арам тамыр. Соны көпшілігі біле бермейді. Жамбасты біз бас табаққа, яғни сыйлы қонақтарға тартамыз. Сондықтан, осыған мән беріп, белтамырын алып тастаған жөн. Халқымыз мұны қонаққа деген құрметтің белгісі санаған», — деп мал союдан хабары жоқ адамдарға пайдалы дүниені айтады.
Арзанкүл апа парақшасында қыз-келіншектерге қажетті кеңестермен де бөліскен. Мәселен, көкөністерді қыста бұзылып кетпес үшін қалай сақтау керек, үй жағдайында қызанақ пастасын жасаудың жолы, бау-бақшаны баптаудың тәсілдерін түсіндіріп, видео жүктеген. Мұны көрген нәзік жандылар пайдалы дүниелермен бөлісіп отырған әжеге ризашылықтарын жеткізуде.
Бұдан бөлек, кейіпкеріміз жастайынан гүл өсіруге әуес екен, әсіресе, емдік шөптердің қасиеті туралы әбден зерттеп, бірталай кітап беттерін ақтарыпты. Бүгінде сол ізденісінің нәтижесімен әлеуметтік желіде бөлісіп, шипалы шөптерден дәрілер жасап, олардың пайдасы, жасалу жолдары туралы көпшілікке айтып жүр. Оның тикток парақшасынан түйежапырақ, жолжелкен, жалбыз сынды шөптердің дәрілік қасиеттері туралы біле аласыз. Апаның айтуынша, дүкен сөрелерінде сатылатын кейбір бөлме гүлдері улы. Оның келтіретін зиянынан сатушылардың өзі де бейхабар болып жатады дейді. Ол өзінің парақшасында осы тақырыпты қозғап, улы бөлме гүлдерін атаған.
Арзанкүл апаның алға қойған жоспары көп. «Қоғамға пайдасы тиетін көптеген видео түсіру ойымда бар. Жуырда еш дәрі-дәрмексіз қант диабетінен емделудің жолдарымен бөлісемін. Өйткені, қазір, өкінішке қарай, осы дертке шалдыққан адамдар саны көп. Оны емдеу үшін бірден дәрінің көмегіне жүгінбей, үй жағдайында да аурудан айығуға болады», — дейді.
Аудан тұрғындары апаны кездестіргенде «келесі жолы мына тақырыпты қозғаңызшы, осы туралы айтыңызшы», деп өздері қолқа салса, желідегі оқырмандары сол жерде ұсыныстарын жазып жатады.
Қанша адам болса, сонша пікір бар. Апаның парақшасында жақсы пікірлермен қатар, жағымсыз сөздер жазып қалдыратындар да бар екен. Бұл жайында Арзанкүл апа «Сын түзелмей — мін түзелмейді, сондықтан сынды сабырмен көтере білуіміз қажет», — дейді.
«Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» қазақтың аналары ошақ қасындағы тіршілікпен қатар, ел бірлігі мен болашағы үшін маңызды істерге де атсалысып үлгереді ғой, шіркін. Бүгінгі кейіпкеріміз Арзанкүл апа да шаттықтың шамы жанған шаңырағының ұйытқысы бола отырып, ауылдың қоғамдық өміріне араласып жүрген белсенді азаматша. Ол – Степной ауылдық аналар алқасының төрайымы. Жастардың тәрбиесі, отбасы құндылығы мәселелеріне қатысты маңызды жиындарға, мерекелік іс-шараларға үнемі қатысып, кейінгі буынға үлгі боларлық аналық кеңестерімен бөлісіп жүреді.
Апа тиктоктан бөлек, инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерін де меңгерген. Көбіне денсаулық, дұрыс тамақтану нишаларын насихаттайтын блогерлерді көруді ұнататынын жеткізді. Әңгімеміздің соңында ол жастарға денсаулықтарына мән беріп, дұрыс тамақтанып жүруге кеңес берді. Қазіргі зиянды, химиялық қоспасы көп тағамдардан гөрі, үй жағдайында табиғи өнімдерден ас дайындаудың пайдасы мол екенін айтады.
Иә, әженің сөзі – ақылдың көзі деп білетін дана халқымыз ақ жаулықты аналарымызды бала тәрбиесінің бастау бұлағы санаған. Оның айтқан сөзіне құлақ түріп, істеген ісін үлгі тұтқан. Өйткені, әже – қазақ аналарының жарқын бейнесі. Арзанкүл Қосаева секілді жастарға жөн сілтеп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген қазыналы қарттарымыз аман болсын.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.