БІР ЕЛ, БІР МАҚСАТ, БІР ЖЕҢІС!

0

Республика күніне орай орталық мамандары арасында эстафеталық жарыс өтті.

Республика күні – еліміздің бірлігі мен ынтымағын, тәуелсіздігі мен елдік рухын айшықтайтын маңызды мерекелердің бірі. Осы мерекеге орай Қордай аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының мамандары арасында «Бір ел, бір мақсат, бір жеңіс» атты эстафеталық спорттық жарыс ұйымдастырылды.

Спорттық іс-шара бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығында өтіп, орталық мамандарының басын қосқан жарқын мерекелік шараға айналды. Жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, дене белсенділігін арттыру, ұжым мүшелері арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайту, көтеріңкі көңіл күй қалыптастыру.

Жарысқа қатысушылар өзара екі командаға бөлініп, «Қырандар» және «Бірлік» командалары болып сайысқа түсті. Командалар өздерінің ұйымшылдығын, ептілігін, шапшаңдығын және жеңіске деген жігерін көрсетуге бар күштерін салды.

Жарыс бағдарламасы қызықты әрі тартысты ойындарға толы болды. Қа-тысушылар «Үш аяқ», «Шарды жеткіз», «Құрсаудан өт», «Құрсаудан құрсауға», «Кім епті?», «Кім жылдам?», «Қаппен секіру», «Қолтықтасу», «Қол күрес» және «Арқан тартыс» секілді эстафеталық сайыстарда өзара бақ сынасты.

Әрбір кезеңде командалар бір-біріне қолдау көрсетіп, ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Бірі жылдамдық пен ептілік танытса, енді бірі күш пен төзімділіктің, табандылық пен шапшаңдықтың ерекше үлгісін көрсетті. Әсіресе, арқан тартыс пен қол күрес сайыстары қатысушылардың қызығушылығын арттырып, жарыс көркін қыздыра түсті. Қатысушылардың көтеріңкі көңіл күйі мен жанкүйерлердің қолдауы спорттық шараға ерекше серпін берді.

Мұндай спорттық кездесулер тек дене шынықтырумен шектелмей, әріптестер арасындағы сыйластықты арттырып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге ықпал етеді. Күнделікті қызметінде ерекше күтім мен қолдауды қажет ететін балалардың оңалуы мен бейімделуіне үлес қосып жүрген орталық мамандары үшін бұл жарыс сергіп, өзара жақындай түсудің тамаша мүмкіндігі болды.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар І орын Қыран командасы иеленсе, ІІ орынды Бірлік командасы еншілеп грамоталармен марапатталды. Қатысушылар өздерінің спортқа деген қызығушылығын, белсенділігін және командалық рухын көрсете білді. Ең бастысы, сайыс барысында жеңістен бұрын достық, бірлік пен өзара қолдау құндылықтары жоғары бағаланды.

Республика күніне орай ұйымдастырылған бұл шара орталық ұжымының бірлігі мен ұйымшылдығын айқындап, мерекелік көңіл күй сыйлады. Өйткені дені сау, белсенді әрі ынтымағы жарасқан қоғам қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.

Бірлігіміз бекем, мақсатымыз айқын, жеңісіміз ортақ болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.