Қордай – біздің ортақ үйіміз. Осы бір тұмса табиғаты, саф алтындай таза ауасы бар құтты мекенге әр тұрғын жанашырлықпен қараса керемет болар еді. Ал туған ауылға жанашырлық – ең алдымен тазалықты сақтаудан, қысы-жазы сол тазалықты қадағалап жүрген адамдарға құрметпен қараудан көрініс табады.
Иә, қыс болса аулаларды қар мен қатқан мұздан тазартып, көктем келісімен ақ мамықтың астында қалған күл-қоқысты жинайтын, жазда гүл мен талды суарып, күзде сарғайған жапырақтарды жоятын аула тазалаушыларының еңбегі ерен. Алайда, қыстың қақаған аязына, шілденің шіліңгір ыстығына қарамастан, таңмен таласа ұйқыдан тұрып, жұмысына кірісетін жандардың ауыр еңбегін көпшілігі елей бермейді. Тіпті, олардың жұмыстарын қиындатып, жан-жағын ластап жүретіндер де кездесетіні өкінішті.
Бірер күн бұрын Төле би көшесінің тоң боп қатқан мұздарын ойып жүрген аула тазалаушыларын көріп қалып, сөзге тарттық. Сайрагүл Алтаеваның бұл жұмысты істеп жүргеніне он жылдан асыпты. Жалғызбасты ана бала-шағасын адал еңбектің нанымен асырап келеді. Ол жалақысы аз болса да, жұмысына құрметпен қарайды. Дегенмен, қазіргі қымбатшылық заманында жалақының төмен болғаны қиындық тудыратынын да жасырмады. Ал сөз соңында ол әріптестерімен бірге қордайлықтарды тазалыққа шақырды: «Ауылды тазартып, нәтижесін көргенде қуанамыз. Айналамыз жинақы болса, халықтың көңілі де жайланады. Сондықтан, біз қордайлықтарды тазалыққа шақырамыз. Өйткені, қазір ауылымыздың тазалығы көңіл көншітпей тұр. Жан-жағымыз күл-қоқысқа, қалдықтарға толы. Бұл өзге емес, өзіміздің мәдениетсіздігімізден. Беталды түкірмеу, қоқысты кез келген жерге тастамау жазылмаған заң іспетті болуы керек емес пе?!»,-дейді тазалық сақшылары.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ