«МЕН ЖЕТІСТІККЕ ҚАЛАЙ ЖЕТТІМ?»

0

24 қаңтар күні №1 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Мен жетістікке қалай жеттім?» тақырыбында мектеп оқушылары және ауданымызда әр салада жетістікке жеткен азаматтардың кездесуі өтті. Өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, болашақта қалай жетістікке жету жолдарын көрсету мақсатында өткен шараға №17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қайрат Жұманқұлов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Қасым Дүйсен және аудандық орталық аурухананың дәрігері Данияр Битаев қатысып, білікті маман болу жолындағы қиындықтары мен жетістіктері туралы баяндап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Емен-жарқын диалогтық форматта өткен басқосуда ұстаздар мен оқушылар әр саладағы мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.
Дәл осындай келелі кездесу №51 Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте де өтті. Бұл білім ордасының оқушылары ауданымыздың құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің мүшесі Төле Сүгірбаймен жүздесті. Аға буын өкілі өз еңбек жолын баяндап, балалардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап қайтарып, ақыл-кеңесін берді. Шара соңында жастар бүгінгі кештен жақсы әсер алғандарын, осындай тағылымдық мәні зор кездесулер жиі өтіп тұрса деген ұсыныстарын жеткізді.

С.СЕЙДЕХОДЖАЕВА, Қ.НИЯЗБЕК,
ұйымдастыру және бақылау бөлімінің жастар ісі жөніндегі инспекторлары

Leave A Reply

Your email address will not be published.