Бірлігі мықты елдің, тірлігі өнімді болады

0

Алдашов Бахтияр Әбілхайырұлы, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор, Жамбыл облыстық ҚХА-ның ғылыми-сараптамалық
кеңесінің мүшесі

Баршамыз үшін тыныштықтан асқан байлық та, бақыт та жоқ. Мұның құнын 2020 жылдың ақпанында орын алған Қордай оқиғасы мен 2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасы дәлелдеп берді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жаңа, әділетті Қазақстан құру жолындағы ең басты құндылығымыз – бейбітшілік пен біртұтастық. Елімізді қуатты ететін де – осы құнды қасиеттер.
Қордайда орын алған төтенше жағдайды қалпына келтіру жұмыстарын Мемлекет басшысы өзі бақылауына алып, қадағалап отырды. 60 – тан аса қиралған нысандардың барлығы қалпына келтіріліп, тіпті бұрыннан бар түйткілді мәселелер оңды шешілуде. Масаншы, Сортөбе, Сарыбұлақ, Қаракемер, Сортөбе және тағы басқа да ауылдарда жаңа мектептер, спорт нысандары бой көтеріп, газ тарту, ауыз су мәселелері реттеліп келеді. Идеологиялық бағытта облыс әкімдігінің ішкі саясат, білім, дін істері, тілдерді дамыту, мәдениет және спорт басқармалары мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.
Үкіметтік комиссияның шешімімен Қордайда бірнеше Қоғамдық келісім кеңестері құрылды. Аудандағы абыройлы ақсақалдардан жинақталған кеңес аудандағы қоғамдық келісімді нығайтуда қыруар жұмыстар жасады.
Облыс әкімдігі тарапынан 30 қаңтар мен 8 ақпан аралығында іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 31 қаңтар күні Масаншыдағы «Аль-Куддус», 6 ақпан күні «Дін Ислам» мешіттерінде оқиға кезінде аза болған азаматтарға арналып құран бағышталды. Қордай халқымен бірге бұл шараға облыс әкімі Н. Нұржігітов те қатысып, қайғыларына ортақтасты. Бұған қоса, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ. Шойкин де келіп, аза тұтқан ағайынмен бірге болды.
Болашаққа зор үмітпен қараған қордайлық дүнгендердің қазақи толеранттылық пен қазақ тілін үйренуге құлшыныстары бар. Оған мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында күні кеше ғана Қордайда өткен ауқымды іс-шаралар дәлел. Мектептердегі қазақ тілді сыныптардың көбеюі, балабақшалардағы қазақы топтардың артуы қуантарлық жағдай. Жергілікті этностар арасындағы ауызбіршілік қасиеттерін дәріптеу, этникааралық бейбітті тұрақтылықты сақтау, салауатты өмір салтын ұстана отырып, жастардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында өткен түрлі достық спартакиадалары, бұған қоса, дін жағынан алсақ та, Қордай ауданының өзінде және ауылдық округтеріндегі барлық мешіттерде дүнген халқы емін-еркін ислам дінін ұстана алатын зайырлы жағдай жасалғандықтың белгісі.
Қазіргі таңда бейбіт тұрғындардың берекесін алған оқиғаның мұнда белгісі де қалмаған тұста арандатушылық жасап отырғандардың іс-қимылын мен түсініп болар емеспін?! Біз мұндай жағдайға жол бермеу керекпіз!
Біздің облыс – мәдениеті бай және таңғажайып дәстүрлері бар аймақ. Бүгінде өңірде 87 этнос өкілі тұрса, оның 75-і этномәдени бірлестік болып қоғамдық-мәдени жұмыстар атқарады. Мәселен, өткен жылы қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 1 206 іс-шараға 72 мың 800 мақсатты аудитория қамтылып, этномәдени бірлестіктер тарапынан күні бүгінге дейін 56 мың 400 адамды қамтыған 996 іс-шара өткізілген. Бірінші кезекте этнос өкілдеріне тілдік орта қалыптастыру мақсатында тіпті қазақ тілін тез меңгеру үшін түрлі жобалар ойластырылып жасалған екен.
Сондай-ақ, аудандағы жұмыспен қамту саласында жұмыссыздар есебінде 969 адам тіркелген. Жыл басынан 7 765 азамат қайырылып, әлеуметтік қорғау шараларымен 7 290 адам қамтылыпты. Жұмыс орындарында 40 адамды оқыту жоспарланып, жыл басынан 40 азамат тәрбиеші, құс өндірісі, тігін ісі және аспаз-кондитер мамандықтары бойынша оқуға жолданған. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 837 азаматты оқыту жоспарланған. Бүгінгі күнге аудан көлемінде кәсіпкерлік негіздері бойынша 1 696 адам оқуларын аяқтап, тиісті сертификаттарымен қамтамасыз етілген. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 2022 жылы аудан бойынша 253 азаматқа мемлекеттік гранттар беру мақсатында 69 азамат технологиялық жабдықтар мен құралдарға, 184 азамат мал шаруашылығын дамытуға алған.
Қазіргі таңда қазақ пен дүнген жастары арасында шаңырақ көтеріп, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан отбасылар да жетерлік. Тіпті түрлерінен кейде айыра алмай қаласың қайсысы қазақ, қайсысы дүнген екенін?!
Өскелең ұрпақ Отанды шексіз сүйіп, ауызбіршілігіміз сақталған осы үрдісті жалғастыруыға тиіс, әрбір этнос өкілі мемлекетшіл болуы керек!
Рас, дүнген ағайынның саны жыл санап артуда. Қазіргі тұрып жатқан ауылдары таршылық етуі де мүмкін. Бұл мәселенің де шешімі бар. Аға буын өкілдері ауыл жастарын еліміздегі престижді жоғары оқу орындарына білім алуға, Қазақстанның солтүстік аумағына яғни, жұмыс күші тапшы облыстарға қоныс аударуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізулері қажет. Осы арада қазақ тілін үйрену, қазаққа деген құрмет екенін ұмытпау керек. Жалпы интеграциялану мәселесін қолға алғандары жөн деп білемін.
​Бейбіт өмір аясында тату-тәтті мамыражай өмір сүру — кез келгеніміздің көкейіміздегі айнымас арманымыз. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан этностар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Қазақстанның басты жетістігі — халықтар арасындағы ұлтаралық және конфессияаралық келісім, өзара түсіністігі мен сыйластығы. Әлемдік тарихта әртүрлі этнос өкілдерінің бір жерде, бір елде бірлесіп өмір сүруі — әсте тың құбылыс емес. Сондықтан, татулықты ту еткен халқымыздың тұғыры биік, болашағы жарқын болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.