«Тіл – жүректен жүрекке жететін ең асыл көпір». Осы бір ой қазақ тілінің құдіретін айқын аңғартады. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – халықтың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы мен рухани болмысының айнасы. Сондықтан қазақ тілін үйрену – жаңа сөздерді жаттау емес, тұтас бір ұлттың жан дүниесін тану. Бүгінде Қазақстан – түрлі ұлт пен ұлысқа ортақ шаңырақ. Осындай көпұлтты қоғамда мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың елге деген құрметінің, қоғам алдындағы жауапкершілігінің көрінісі. Қазақ тілін меңгерген адам халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын, әдебиеті мен өнерін тереңірек түсіне алады.
Қазақ тілі – көркем де бай тіл. Бір ғана мақал-мәтелдің өзінде ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тәжірибе мен халық даналығы жатыр. Әрбір сөзінде даланың кеңдігі, елдің дарқандығы, ананың мейірімі мен атаның ақылы сезіледі. Осындай қасиетті тілді үйренуге деген әрбір қадам – рухани байлыққа бастар жол. Тілді үйрену үшін ең алдымен ниет пен тұрақты еңбек қажет. Сабаққа белсенді қатысу, күн сайын жаңа сөздерді қолдану, қазақша кітап оқу, ән тыңдау, фильм көру және қазақ тілінде еркін сөйлесуге ұмтылу – тіл меңгерудің тиімді жолдары. Ең бастысы – қателесуден қорықпау. Себебі әрбір дұрыс айтылған сөздің бастауы – батыл жасалған алғашқы қадам.
Қазақ тілін үйрену курстары осы мақсатқа жетудің сенімді алаңы болып табылады. Мұнда тыңдаушылар тек грамматика мен сөздік қорды меңгеріп қана қоймай, қазақ халқының мәдениетімен, дәстүрімен және ұлттық дүниетанымымен де танысады. Бұл тіл үйренуді қызықты әрі мазмұнды етеді.
«Тіл – тірегім, соғып тұрған жүрегім» деген сөздің мәні терең. Ана тілі – қазақ халқының жүрегі болса, мемлекеттік тілді құрметтеп, оны үйренген әрбір азамат сол жүректің соғысын сезіне алады. Тіл адамдарды жақындастырады, өзара түсіністікті нығайтады және ортақ құндылықтарды қалыптастырады. Қазақ тілін бірге үйренейік, бірге сөйлейік, бірге дамытайық! Себебі мемлекеттік тілдің мәртебесі – әрқайсымыздың күнделікті ісімізден басталады. Тілімізге деген құрмет – елімізге деген құрмет. Ал тілдің болашағы – оны үйренуге ниет білдірген әрбір адамның қолында.
Ж.Адаева,
«Тілдерді оқыту орталығы» КММ әдіскері