Бірлігі бекем елдің, берекесі кетпесін!

0

Асқарбек Ақылшаұлы,
Жамбыл облыстық «Әулие Ата»
қазақ мәдени орталығы
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы

Биыл Қордай оқиғасына үш жыл толып отыр. Қордай ауданы, Қаракемер ауылының үш жылдан бері ахуалының қаншалықты өзгергініне алаңдап жүргеніміз жасырын емес. Еске сала кетсек, соңғы үш жылда Мемлекет басшысының оқиға орын алған уақытта берілген арнайы тапсырмасы жүзеге асыралған болатын. Атап айтқанда, «Қордай оқиғасы» кезінде қираған ғимараттар мен сауда орталықтары мен дүкендер қалыпқа келтірілген. Аудан тұрғындарын газбен, ауыз сумен қамтамасыз ету қолға алынып, іске асуда.
Сондай-ақ, жолдар жөнделіп, мектептер салынуда. Қордайлықтардың бірқатар мәселелері оң шешіліп, әлеуметтік жағдай оңалып келеді. Бүгінгі күні зардап шеккен аймақтардың қалпына келтіріліп, екіжақты келісімге келген тұрғындардың жай-күйіне дүнген бауырларымыздың риазашылығы зор деп ойлаймыз. Нақтысын айтқанда, екеуара қарым-қатынастың баяғыдай мамыражай екеніне көзіміз жетті.
Сортөбе ауылындағы «Дін Ислам» мешітінде сол қаралы күндерде шейіт болғандарға арнайы құран бағышталып, Құдай тамақ таратылды. Бұл игі шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы атбасын бұрды. Ас соңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов келелі әңгіме қозғап, алда атқарылар шараларға кеңінен тоқталды. Жоспарға сәйкестендірілген іс-шара мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда «Ашық формат» негізінде дискуссия өткізіліп, мемлекеттік тілге көп басымдылықтар берілді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев пен Қордай әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай тізгіндеді. Басқосу барысында аудандағы білім сапасын көтеру мәселесі де көтерілді. Еркін Құлымбайұлы жауаптыларға білім сапасын көтеру мен қазақша оқитын балалар санын арттыру бойынша нақты тапсырма берді. Бұл да бір аудандағы ахуалдың тұрақты болуына, тұрғындардың сауатты болуына септігін тигізері әбден анық.
Күні кеше өткен этносаралық қатынасты нығайтуға бағытталған ауқымды іс-шаралардың бізге берер рухани жемісі мол болды. Атқарылған жұмыстар мен аудан тұрғындарының тату-тәтті өмір сүріп жатқандықтары көңілімізді көншітті.
Қымбатты жерлестер, құрметті ағайындар, этнос өкілдері! Түрлі сарындағы арандатушылыққа жол бермеу керек! Осынау ғаламтор жақсы дамыған заманда өкінішке орай, әр түрлі жалған ақпараттарға тап болу ғажап емес. Тек ресми дереккөздерге сеніңіз және ажиотаж жасауға тырысатындарды қолдамаңыздар!
Бейбітшілік пен келісімде ынтымақтаса өмір сүрейік, бірлігімізді нығайтайық! Бұл біздің негізгі құндылықтарымыз, олар көздің қарашығындай сақталуы және ұрпақтан-ұрпаққа баға жетпес мұра ретінде тапсырылуы керек. Өйткені, әрқайсымыз үшін ең маңыздысы – ашық аспан, бейбіт өмір!

Leave A Reply

Your email address will not be published.