Ешкім де ешқашан ұмыт қалмайды

0

Гвардейск гарнизонында 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толу құрметіне орай іс-шара өтті.
Салтанатты шараға гарнизон бастығы мен әскери бөлім командирлері, құқық қорғау органдарының басшылары мен мекеме бастықтары, ауған соғысының ардагерлері мен әскери қызметшілер, гарнизон тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында еліміздің әнұраны орындалып, ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдық ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Мемориалдық кешен жауынгерлік бауырластықтың ұрыстағы ерлік пен батылдықтың біртұтас күшін бейнелейді. Қатысушылар қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіз еске алды.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жетекшілері балалардың бойындағы патриоттық сезімді арттыру мақсатында әскери қызметшілердің балаларын айтулы шараға қатыстырды. Оқушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухани азық алды.
Сонымен қатар әскери бөлімдердегі кітапхана меңгерушілері гарнизондық офицерлер үйінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне арналған көрме ұйымдастырды.
Шара соңында қонақтар концертті тамашалап, ауған соғысының ардагерлерлеріне грамоталар табыс етілді.
– Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толып отыр. Осыған орай жауынгерлік ұрыста мерт болған достарымызға гүл шоқтарын қойып, еске алдық. Гвардейск гарнизонының басшыларына үлкен рахметімді айтқым келеді. Жыл сайын ұмытпай қаза болған жауынгерлердің туыстары мен ауған соғысының ардагерлерін шақырып, осындай шараларды әрдайым ұйымдастырады. Мұндай іс-шараның өтуі жас ұрпаққа патриоттық тәрбие береді, – дейді Қордай аудандақ ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Дәулет Қырғызбаев.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.