Халқымыз ежелден «келіні жақсының керегесі алтын» деп, босағадан аттаған жас келіннің тәрбиесі мен көрген-түйгеніне мән берген. Ғасырлардан келе жатқан осы үрдіс бүгін де өз маңыздылығын жойған жоқ.
Оған жуырда «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Келіндер PARTY» атты жас келіндер арасында өткен байқау дәлел болды. Жамбыл ауылының мәдениет үйінде өткен сайыста алты келін бақ сынады. Қатысушылар байқаудың шарты бойынша өнерлерін көрсетіп, өздері әзірлеген ұлттық тағам түрлерімен таныстырып, қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері жайында қойылған сауалдарға жауап берді.
Жыл сайын өткізу дәстүрге айналған сайыс биыл ерекше қызықты өтті. Сымбаты мен сәні келіскен келіндер сахна мәдениетін сақтап, шынайы қазақы сұлулықты таныта білді. Жас келіндерді ұлттық салт-дәстүрлерімізді, отбасы құндылықтарын дәріптеуге үгіттеу, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған шараға Жамбыл ауылдық округінің бас маманы Р.Нұрмаханбетова, көпбалалы ана Ж.Ерназарова және ұйымдастыру — бақылау бөлімінің инспекторы А.Сейдеходжаевадан құралған қазылар алқасы баға берді. Қазылар алқасының шешімі бойынша I орынды Ақмарал Хайтбаева, II-орынды Ақбота Сабырова, III-орынды Ақмарал Сакыпова иеленді. Сонымен қатар, Асанова Руфина, Құрбаниязова Мехрибану, Байсерикова Әсемге алғыс хаттар табысталды. Байқау жеңімпаздары «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бағалы сыйлықтары және диплом, алғыс хаттарымен марапатталды.