РУХАНИ КЕМЕЛДЕНУ УАҚЫТЫ

0

Бізді жоқтан бар еткен, Аса қамқор ерекше мейірімді Аллаға мақтаулар мен мадақтар болсын. Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың төресі, Алланың ең соңғы, ең сүйікті елшісі болған Пайғамбарымызға Алланың сәлемі мен салауаты болсын!

Адам баласы ішіп-жеп тәнін тамақтандырғаны сияқты, рухына да азық беруі тиіс. Руханиятымызды толықтырмасақ, адам баз кешіп, мына өмірдің мәнін түсінбей, бір кем дүниемен көңілі көншімей жүре бермек. Ал осы жанымызға қандай азық береміз? Рухтың азығы – иман, намаз, ораза, қайырымдылық, Алланы тану, мойынұсыну, құлшылық жасау. Абай атамыз «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» дейді. Пенде болғандықтан иманымыз кейде әлсірейді, кейде күшейеді. Осы тұста, өз-өзіңмен жұмыс жасайтын әлемде керемет бір уақыт пен сәттің болғанын қалаймыз. Ол қасиетке толы, он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы – Рамазан айы. Рамазан – қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы кезі. Мұхаммед пайғамбардың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) «Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай дымы құритынын білдіреді.
Осынау берекеге толы ай несімен ерекше? Дана халқымыз оны «Он екі айдың сұлтаны» атап, қастерлеп, барша мұсылман жұртшылығы асыға күткен. Ел бірлігінің ұйытқысы дінде екенін жақсы білген бабаларымыз тіршілігінде мұсылмандық міндеттерді халыққа насихаттап отырудан жалықпаған. Шортанбай ақынның мына өлеңінде ол жақсы бейнеленген:
«Құбылаға бас қоймақ –
Мұсылманның тарығы.
Ораза, намаз қаза қылмасаң,
Көңіліңде Құдай барлығы» («Он ғасыр жырлайды». Алматы, 2006. Б.202).
Алғашқы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым. Рамазан – арабшадан аударғанда түбірі «рамада» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала («Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді», – дейді. Яғни, бұл айда адам баласы ораза ұстай отырып, өз нәпсісін тәрбиелейді. Құдси хадисте Хақ Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», – деп, оразаның зор сауабынан хабар беріп сүйіншілеген. Рамазанда жай уақытта жасаған жақсылықтар, салиқалы амалдар сауабы мен жасалған жамандық та еселеніп жазылады. Сондықтан, бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі.
Ораза тұту – тек ас ішуден тыйылу ғана емес. Аузы берік адам көз, мұрын, ауыз, қол, аяқ сынды барлық жан-тәнімен ораза болуы шарт. Аштықтан денеміз әлсірегенмен, рухымыз шыңдалады. Қарны аш жүретін адамның халін өз басынан өткеріп түсінеді. Өзінің ішкі жан дүниесіне терең бойлайды. Бейпіл сөз, пайдасыз әңгіме айту, артық сөйлеудің зиянын ұғынады. Тіпті адамды «Ихсан» дәрежесіне көтереді. Жанында ешкім болмаса да, өзін Жаратушы иеміз көріп тұр деп қадағалайтындықтан оразаны бұзатын шарттардың шырмауынан өзін арашалайды. Алла елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі» — деген.
Жаратқан Алладан елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, әр шаңыраққа бақытты-баянды ғұмыр, ырыс-несібе тілеймін, оразадан оразаға амандықта саулықта қауышу нәсіп болсын. Дұғаларымыз қабыл болсын. Әмин!
Биыл қасиетті рамазан айының алғашқы күні 23 наурыз, Қадір түні 17-ші сәуірден 18-ші сәуірге қараған түні. Ораза айт 21 сәуір күні, айт намазы сағат 7:00 де оқылады. Пітір садақа құны 535 теңге.

Асқар ЗӘКІРЖАНҰЛЫ, Қордай ауданының бас имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.